Еңбекмин жәрдемақы алатын адамның ипотекасын да, несиесін де, отбасын асырауға кететін шығынын да есептейтін болды

Яғни, енді министрлік мемлекеттік жәрдемақыға шын мұқтаж адамдарды анықтау үшін олардың табысына, несие салмағына, оның ішіне ипотекалық қарыздарды бағалау тәсілдеріне назар аудармақ

Еңбекмин жәрдемақы алатын адамның ипотекасын да, несиесін де, отбасын асырауға кететін шығынын да есептейтін болды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Азаматтардың мемлекеттік жәрдемақыға шын мұқтаж екенін анықтау үшін олардың ипотекасы мен автокөліктері де есепке алынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақыға шын мұқтаж азаматтарды анықтау үшін Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерімен біріктіруді жоспарлап отыр. Алайда бұл әзірге пилоттық жоба болмақ», - деді министр Үкімет отырысында.

Яғни, енді министрлік мемлекеттік жәрдемақыға шын мұқтаж адамдарды анықтау үшін олардың табысына, несие салмағына, оның ішіне ипотекалық қарыздарды бағалау тәсілдеріне назар аудармақ.  

«Азаматтардың автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасы бар-жоғы жағдайы да ескеріледі. Отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды, сондай-ақ отбасының жалғыз асыраушысы мен жалғыз тұрғын үйінің барын есепке алу көзделіп отыр», - деді Ертаев.

Мұқтаждық принциптерін енгізудің пилоттық жобасын 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асыратынын айтты.

Ол табысы жоғары деңгейіндегі азаматтар бойынша қаңтар-ақпан айларында бірінші және екінші кезең болатынын түсіндірді. Ал наурыз-сәуір айларында үшінші және төртінші кезең жоспарланған.

«Шын мұқтаждықты анықтау бойынша пилоттық жобаның бірінші кезеңінде әлеуметтік көмекті оңтайландырудың тиімділігін қараймыз», - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмекті шын мұқтаж жандарға ғана беру керек екенін айтып, ол бойынша шара қабылдауды тапсырған еді.