Сарапшы: Экономиканы дамыту үшін табиғи ресурстар мен энергетикалық тұрақтылыққа басымдық беру қажет
Бақытгүл Хамбар Жолдаудың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті
Қазақстанның экономикалық өсімі өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмеу керек. Елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды нығайту қажет. Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры, экономика ғылымының кандидаты Бақытгүл Хамбар Президент Жолдауында көтерілген міндеттердің орындалуы осы факторларға тікелей байланысты екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшының пікірінше, елдің жаңа тарихи кезеңдегі даму бағытын айқындайтын Жолдауда стратегиялық міндеттермен қатар, оларды іске асырудың нақты тетіктеріне де назар аударылған. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен құқық қорғау мекемелерінің рөлі мен жауапкершілігінің артуы маңызды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа жоспар мен тұжырымдамалар емес, геосаяси тұрғыдан ықпалы бар дамыған ел керек екенін айтты. Демек, Жолдау аясында алға қойған міндеттер стратегиялық жоспарлаудың жаңа белесіне қадам деуге болады», – деді Бақытгүл Хамбар.
Сарапшы Жолдаудың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Ол үшін тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізіп, лайықты табыс әкелетін жұмыс орындарын ашу, қалалардың әлеуетін күшейту және инфрақұрылымды дамыту маңызды. Алайда бұл міндеттерді орындау үшін қаржы мен білікті мамандардың болуы жеткіліксіз. Экономиканың кез келген саласы табиғи және материалдық ресурстарға да тәуелді.
«Сондықтан әлемдегі ресурстар сарқыла бастаған кезеңде Мемлекет басшысының елдегі геологиялық барлау саласын дамыту мен су ресурстарын үнемдеу мәселесін жиі көтеруі тұрақты даму амалдарының жан-жақты ойластырылып келе жатқанынан хабар береді. Өйткені ресурстардың тұрақты қоры болмаса, экономиканың жекелеген салаларын, терең өңдеу өндірісін, тіпті экономиканы цифрландыруды дамытудың өзі қиын», – дейді сарапшы.
Бақытгүл Хамбар цифрлық экономиканың дамуы да табиғи ресурстарға түсетін жүктемені арттыратынын атап өтті. Сонымен қатар БҰҰ-ның 2024 жылғы цифрлық экономика туралы баяндамасында келтірілген дерекке тоқталды.
«Құжатта салмағы екі келі компьютер өндіруге шамамен 800 келі шикізат қажет екені көрсетілген. Ал сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай цифрлық және көміртек шығарындыларын аз қолданатын технологияларға қажетті графит, литий және кобальт өндіру көлемі әлемде 500 пайыз артуы мүмкін. Сонымен қатар баяндама авторлары цифрлық әлемнің негізі саналатын мәліметтерді өңдеу орталықтары 2022 жылы 460 тВт/с электр энергиясын қолданса, 2026 жылы ол 2 есе өседі деген болжам жасаған», – деп пікір біллдірді Бақытгүл Хамбар.
Эксперттің айтуынша, Президенттің 2029 жылға қарай Қазақстанда тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізу міндетін қоюы экономиканың келешектегі қажеттіліктерімен сабақтас. Энергиямен тұрақты қамтамасыз ету өндірісті кеңейтуге, жаңа технологияларды енгізуге және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.