Күшті өңірлер – қуатты мемлекеттің негізі: сарапшы Жолдаудағы міндеттерді талдады
Сарапшының пікірінше, өңірлерді дамыту үшін кешенді тәсіл қажет
Қазақстан өңірлерін дамытуға бөлінетін қаржы инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға да ықпал етуі керек. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында өңірлерді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты маңызды міндеттер қойылған. Соның ішінде ірі қалаларды дамытудың орта және ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу, қалалық инфрақұрылымды басқаруға цифрлық құралдарды енгізу мәселелері бар.
«Күшті қалалар – күшті өңірлердің, ал күшті өңірлер – қуатты мемлекеттің негізі. Бұл – өңірлік саясатты одан әрі жетілдіруге бағыт беретін маңызды ұстаным. Ірі қалалар экономикалық өсудің орталығына айналып, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға және айналасындағы аумақтардың дамуына ықпал етуге тиіс. Сонымен бірге әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін, экономикалық мамандануын және даму перспективаларын ескеру қажет», – деді Нұрболат Құрметұлы.
Оның айтуынша, Жолдаудағы негізгі бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Ол еліміздің барлық өңіріндегі әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды көздейді. 2029 жылдың соңына дейін осы мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Сарапшының айтуынша, Президент мемлекеттік инвестициялардың экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажеттігін ерекше атап өтті.
«Президент мемлекеттік қаржының елге экономикалық және әлеуметтік пайда әкелуі керегін айтты. Меніңше, бұл өте маңызды дүние. Жаңа нысандар салу өңірлердің инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерліктің дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және халық табысының өсуіне де ықпал етуі керек», – деді сарапшы.
Нұрболат Құрметұлы ауылдық аумақтарды дамыту мәселесіне де тоқталды.
«Жолдауда ауылдық жерлерді дамыту туралы айтылды. Президент ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, өнімді өңдеу, агрологистиканы жетілдіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту міндеттерін алға қойды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өнімін сатуға көмектесетін өңірлік цифрлық жобаларды пилоттық режимде іске қосу бастамасын атап өткен жөн. Мұндай жобалар ауылдағы шаруашылықтардың нарығын кеңейтуге, табысын арттыруға және қосымша табыс көздерін табуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Сарапшының пікірінше, өңірлерді дамыту үшін кешенді тәсіл қажет. Ірі қалалардың, шағын қалалардың және ауылдық елді мекендердің ерекшеліктерін ескеріп, олардың мен экономикалық мүмкіндіктерін айқындау маңызды.
«Ең бастысы, мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылымды жаңартумен ғана шектелмей, жергілікті экономиканың тұрақты дамуына ықпал етуі керек. Түптеп келгенде, өңірлік саясаттың тиімділігі адамдардың өміріндегі нақты өзгерістермен бағалануға тиіс. Бұл дегеніміз: сапалы қызметтердің қолжетімділігі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, табыстың өсуі және тұрғылықты жеріне қарамастан, адамдардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасалуы», – деп сөзін түйіндеді Нұрболат Құрметұлы.