Ауа сапасын жақсарту үшін энергетика саласын жаңғырту қажет – депутат

Құрылтай депутаты Алмат Әбдікешов Президент Жолдауынан кейін экология мәселесіне қатысты пікір білдірді 

Ауа сапасын жақсарту үшін энергетика саласын жаңғырту қажет – депутат
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Құрылтай депутаты Алмат Әбдікешов Президент Жолдауынан кейін экология мәселесіне қатысты пікір білдіріп, атом және жаңартылатын энергетиканы дамыту қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның пікірінше, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының үлесін қысқарту, жылу электр орталықтары мен көлік саласын жаңғырту – қалалардағы ауа сапасын жақсартудың маңызды бағыттары.

Депутаттың айтуынша, атом электр станциялары тұрақты энергия өндіруді қамтамасыз етсе, күн мен жел электр станциялары энергетикалық жүйені толықтыра алады. Энергия көздерін әртараптандыру ел экономикасын жаңғыртуға, жаңа өндірістер ашуға және отандық технологияларды дамытуға жол ашады.

Алмат Әбдікешов энергетика саласындағы өзгерістердің экологиялық маңызына да тоқталды. Оның сөзінше, көмір генерациясын біртіндеп азайту парниктік газдар мен адам денсаулығына зиян келтіретін ластаушы заттардың шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік береді.

«Атом энергетикасын және жаңартылатын энергетика көздерін дамыту Қазақстан экономикасын жаңғыртып, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтудың маңызды мүмкіндігі. Атом электр станциялары тұрақты энергия берсе, күн мен жел станциялары оны толықтырады», – деді депутат.

Оның пікірінше, қалалардағы ауаның тазаруы үшін энергетика саласын дамыту шаралары жылу электр орталықтарын және көлік жүйесін жаңғыртумен қатар жүруі керек. Бұл ретте экологиялық нормалар мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы маңызды.

Депутат мұндай жобалар еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға да ықпал ететінін атап өтті.

Алмат Әбдікешовтің пайымдауынша, экологиялық мәселелерді шешу мен энергетиканы жаңғырту өзара байланысты бағыттар ретінде қарастырылуы қажет. Бұл үшін жаңа технологияларды енгізумен қатар, олардың қоршаған ортаға әсерін ескеріп, қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.