Әмірбек Оспанбеков: 2027 жыл ел игілігіне қызмет ететін құрылыс жобаларының жылы болмақ
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке, Құрылтайға және өңір әкімдеріне бірқатар міндет жүктеп, 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялаған еді
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке, Құрылтайға және өңір әкімдеріне бірқатар міндет жүктеп, 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялаған еді. Бұл бастамаға қатысты Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков пікір білдіріп, құрылыс жұмыстарын жандандыру елді дамытуға тың серпін беретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтай депутатының айтуынша, алдағы кезеңде салынатын нысандар халықтың нақты қажеттіліктеріне сай болып, елдің инфрақұрылымын дамытуға және өңірлердің әлеуетін арттыруға қызмет етуі керек.
Әмірбек Оспанбековтің айтуынша, Президент бұған дейін де Қазақстанды жаппай құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін бірнеше рет көтерген. Ендігі міндет – салынып жатқан әрбір нысанның ел игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету.
«Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау – өте құптарлық бастама. Біз оны қолдаймыз. Өйткені Мемлекет басшысы осыған дейін де бірнеше рет Қазақстанды жаппай құрылыс алаңына айналдыру туралы айтты. Бұл дегеніміз – әрбір құрылыс алаңы, әрбір салынатын нысан елдің игілігіне жұмыс істеуі керек», – деді депутат.
«Ауылдардағы инфрақұрылымға басымдық беріледі»
Депутаттың сөзінше, инфрақұрылымды дамыту тек ірі қалалармен немесе облыс орталықтарымен шектелмейді. Ауылдардағы медициналық мекемелерге, білім беру ұйымдарына, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілік те ескеріледі.
Ол әр өңірдегі қажеттіліктерді жинақтап, нақты тізім жасау маңызды екенін атап өтті. Бұл құрылыс жұмыстарын жоспарлауға және қаржыны халыққа барынша қажет жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді.
«Тек қала мен облыс орталығында емес, әрбір ауылда медициналық нысандарға, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына қандай қажеттілік бар – соның барлығын жинақтап, тізімін жасады», – деді Әмірбек Оспанбеков.
Инфрақұрылымға Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған
Депутат Президент Жолдауында инфрақұрылымды дамытуға арналған қаржы мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2029 жылға дейін осы мақсатқа Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге қарастыру жоспарланған. Сонымен қатар келесі жылдың басында 1,5 трлн теңге бөлу мәселесі айтылған.
Әмірбек Оспанбеков бұл бастаманы қолдайтынын жеткізіп, алдағы жылы елде құрылыс жұмыстары қарқынды жүреді деп есептейтінін айтты.
Оның пікірінше, Ұлттық қор қаражатына салынатын нысандар ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет етіп, елдің дамуына үлес қосуы керек.
«Мемлекет басшысының бұл ұсынысын қолдаймыз. Келесі жылы елімізде қарқынды құрылыс жүргізіледі деп есептеймін. Құрылыс нысандары Ұлттық қордың ақшасына салынатын болғандықтан, ұрпаққа қалатын нысандар болуы керек. Ел игілігіне жарап, үлкен серпін беретін жоба болайын деп тұр», – деді депутат.