Бүгін, 09:00
Қоғам

«Бораттың» шыққанына 20 жыл: атышулы фильмнің төңірегінде соңғы жылдары қандай даулы оқиғалар болды

Фильмде басты кейіпкердің рөлін сомдаған актер қазақстандықтардан кешірім сұрады

«Бораттың» шыққанына 20 жыл: атышулы фильмнің төңірегінде соңғы жылдары қандай даулы оқиғалар болды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Атышулы «Борат» фильмінің алғашқы бөлімінің шыққанына биыл тұп-тура 20 жыл болды. Бірер күн бұрын фильмде басты рөлді сомдаған актер Саша Барон Коэн алғаш рет Қазақстан халқынан кешірім сұрап, өзі сомдаған кейіпкердің елімізге еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Алайда фильмнің төңірегінде Қазақстанға қатысты түрлі даулы жағдайлар болған еді. Azattyq Rýhy тілшісі соңғы жылдары болған оқиғаларға қысқаша шолу жасап, көпшіліктің есінде қалған жайттарды топтастырды.

Димаштың ойы. Былтыр әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген жүргізуші Айдос Жұмағұловқа берген сұхбатында Саша Баронды іздеп тауып, еркекше сөйлескісі келгенін айтқан. Ал кейіннен ол ойынан айнып қалғанын, оған тіпті назар аудармау керек екенін жеткізді.

«Ол адамға көңіл аударудың, тіпті ол жайлы сөз қозғаудың өзі артық екен. Ол тіпті көңіл аударуға да тұрмайды. Кинодағы рөлімен бүтін бір елді, ұлтты қорлады. Аналарымызға, әпке-бауырларымызға, балаларымызға тіл тигізді. Рас, біраз жыл бұрын шетелдегі таныстарымды салып, оны іздеп тауып алғым келген. Сол үшін киноиндустрия саласында жүрген таныстарыма шықтым. Тіпті, өзімнің менеджеріме де ол адамды табуға көмектесуін өтіндім. Онымен еркекше сөйлескім келді», – дейді Димаш.

Қазақстандық режиссер «Бораттың» продюсерімен кездесті. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақстандық жас режиссер Самғар Рақымның «Көше ақыны» фильмі АҚШ-тың Аннаполис қаласында өткен кинофестивалде «Ең үздік қысқаметражды фильм» жүлдесін жеңіп алған. Дәл осы марапаттау кешінде отандасымыз атышулы фильмнің продюсері Моника Левинсонмен кездесіп қалып, қазақстандықтардың ашу-ызасын, ренішін жеткізгенін айтты.

«Ол залға кіріп келе жатқанда қорқып тұрды, қасына еңгезердей жігітті ертіп алған. Айтуынша, оған «Борат шыққаннан кейін, Қазақстаннан «сені өлтіреміз» деген хаттар жиі келетін болды, соның салдарынан қасыма күзетші алып жүретін болдым» деді ол. Америкада да қазақтар аз емес, оны біразы іздеген екен. Айтуынша, бұл фильмді түсірерде мақсаттары басқаша болыпты. «Бораттың» сценарийін жазар алдын бір елді атауымыз керек болды. Содан картаны ашып, жер көлемі бойынша әлемде 9-орынға ие елді қалайша ешкім білмейді деген ой келді» деді», – дейді Самғар Рақым.

Осы фильмнен кейін қазақстандықтарды әлемдік ареналарда келемеждеу әлсін-әлсін кездесіп тұрады.

Астанаға келген «Брюггенің» бірнеше жанкүйері. Биыл жыл басында «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы «Брюгге» командасына қарсы ойыны Астанада өткен. «Астана Арена» стадионында өткен матчта бельгиялық команданың бірнеше жанкүйері «Бораттың» киімін киіп, жұрттың назарын өзіне аударған.


Фото: Желідегі видеодан скрин

Оларды сол жерде полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Көп ұзамай олардың ісі сотта қаралып, небәрі бес күнге қамалған. Олар әкімшілік сотта өздерінің ішімдікке мас болып қалғанын, сол себепті не істеп, не қойып жатқанын ұғынбағандарын айтты.

Қазақстандық брендтің жарнамасы. Қазақстанда киім тігіп шығаратын танымал бренд – Shoqan компаниясы әлеуметтік желіде «Бораттың» образын көрсетіп, даулы жарнама жариялаған. Отандық брендтің бұл әрекеті қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Жұрттың сынына ұшыраған Shoqan бренді мен оның иесі Ұлықбек Шарипов ресми мәлімдеме жасап, елден кешірім сұрады. Оның айтуынша, компания даулы жарнаманы бірнеше ай бұрын жариялағанын, алайда көп ұзамай толықтай өшірілгенін айтып ақталды. Сол сияқты бұл жарнаманы жасауда ешқандай хайп көздемегендерін айтты.


Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«Кез келген адам, кез келген компания қателесуі мүмкін. Бастысы, қателігіңді мойындап, сабақ алу және болашақта қайталамау», – деп жазды компания.

2020 жылы «Борат-2» шықты. Алғашқы нұсқасы 2006 жылы шыққаннан кейін араға 14 жыл салып, екінші бөлімі шықты. Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығы анықтайтын «Алтын глобус-2021» премиясының «үздік комедия» номинациясын жеңіп алды.


Фотоколлаж: Azattyq Rýhy
Қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін кемсіткен фильмнің жалғасы қоғамда одан бетер дүрбелең тудырып, қазақстандықтар Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жіберуді сұраған. Алайда ведомство оның еш мәні жоқ екенін айтып, сол жылы ресми мәлімдеме жасады.

«Борат-2 фильмі – коммерциялық жоба. Фильм авторлары Қазақстанның ресми наразылығын арандатып, жақсы жарнама жасауды көздеп отыр. Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқын да, оның мемлекеттік рәміздерін де мазақ етті. Алайда, наразылық нота жолдаудың мәні жоқ, өйткені оның адресаты жоқ. Бұл жағдайды неғұрлым дүрліктіре берсек, фильм авторлары да көбірек пайда табады. Ал көбірек пайда табу фильм авторларын ары қарай жалғасын түсіруге итермелейді. Бұл фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар. Біздің азаматтарымыз ашық нәсілшіл шабуылдарға қашанда наразы», – деген еді сол тұста Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.

50 Cent-тің даулы жазбасы. Танымал рэпер 2023 жылдың 23 қарашасында Алматыда өткізген концертінен кейін әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтардың шамына тиетін даулы жазбасын жариялады.


Фото: Рэпердің Instagram парақшасынан

«Алматы, Қазақстан, өте керемет болды. Егер «Борат» фильмі болмағанда, сіздер менің не туралы айтып тұрғанымды түсінбес едіңіздер. Күлкілі», – деп жазды америкалық рэпер.

Оның бұл жазбасы отандастарымыздың ренішін тудырып, әншінің желідегі парақшасында түрлі пікір жазды.

Айта кетейік, бірер күн бұрын атышулы фильмде басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн алғаш рет қазақстандықтардан кешірім сұрады.

«Осы сәтті пайдаланып, қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізде сөйлей алмаймын. Шыны керек, тіпті акценттеріңіздің қандай екенін де білмеймін. Өтінемін, қазақстандықтар, маған ренжімеңіздерші. Мен сіздерге тек құрметпен қараймын», – деді Коэн.