$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Салтанат заңы»: елімізде ұрып-соғу, бала зорлау, суицид азая ма?

Заңның негізгі мақсаты – жазалау емес, трагедияның алдын алу

«Салтанат заңы»: елімізде ұрып-соғу, бала зорлау, суицид азая ма?
https://parlam.kz/

Қазақстан қоғамы «Cалтанат заңы» деп атап кеткен Заңға Президент қол қойды. Қабылданған заңның басты міндеті – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастыру негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу. Қызу талқыға түскен заңға қатысты Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ әлеуметтік желіде пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ЖАЗАЛАУ ЕМЕС, АЛДЫН АЛУ

Мәжіліс депутатының пікірінше, бүгін президент қол қойған заңның негізгі мақсаты - қоғамдағы әйел мен бала құқығына қатысты қылмыстардың алдын алу. 

«Жалпы, Заңның негізгі мақсаты жазалау емес, алдын алу сипатына ие. Негізгі Заң арқылы 15 заңнамаға, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ілеспе заң әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырды. Президент қабылдаған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң шын мәнінде мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеу ұғымын қалыптастыратынын көрсетеді. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазалау шараларын күшейтеді», - деп жазды Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ.

ҚАЙ БАПТЫҢ ЖАЗАСЫ КҮШЕЙДІ?

Жаңа өзгеріске сай, денсаулыққа қасақана орташа және ауыр зиян келтіргені үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал бұрын айыпталушыға қатысты "бостандықты шектеу" жазасы қолданылатын еді.

«Сондай-ақ, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы баптың жазасы да күшейіп, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді. Сонымен қатар, қазір бұл қылмыс үшін әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осы қылмыс ауырлататын мән-жайлар болған кезде 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуды немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, болмаса, шектеуді көздейді. Сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қайта біліктілігі бар ұрып-соғу үшін 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген. Сонымен қатар, азаптау үшін жауапкершілік күшейеді. Енді 2 жылдан 3 жылға дейін, ауырлататын жағдайларда 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - деп түсіндірді депутат.

Осылайша, тіпті, ең жеңіл түрде соққы жасаған адамның өзі ұзақ мерзімге қамауға алынады.

БАЛА ЗОРЛЫҒЫ ҮШІН ҚАНДАЙ ЖАЗА КӨЗДЕЛГЕН?

Сонымен қатар, балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жауапкершік едәуір күшейді. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қарсы денсаулыққа зиян келтіруден бастап ұрлау мен өлтіруге дейінгі қылмыстардың тізбесі жүйеленген және нақты анықталған. Мұндай әрекеттерді жасаған адамдар татуласуға байланысты қылмыстық жауапкешріліктен босатыла алмайды.

Атап айтқанда:

  • Кәмелетке толмағандарды өлтіргені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза қарастырылған.
  • Балаларды ұрлағаны үшін бұдан былай 10 жылдан 15 жылға дейін (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін – 5 жылдан 10 жылған дейін (бұрын 5 жылға дейін) бас бостандығынан айыру қарастырылған.
  • 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
  • Осы нормалар қабылданғанға дейін мұндай жауапкершілік 14 жасқа толмағандарға тиіскені үшін ғана қарастырылған.
  • Ол үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, түзету жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
  • Сонымен қатар, айыпталушы белгілі бір лауазымдарды атқару және 3 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.
  • Балаларды ұрлағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 5 жылға дейін) көзделген.

СУИЦИД ЖАСАЙТЫНДАРДЫҢ САНЫН АЗАЙТУ ҮШІН ҚАНДАЙ ШАРАЛАР КӨЗДЕЛГЕН

Жаңа заң сонымен қатар суицид жағдайларын азайтуға бағытталған. Депутат әлеуметтік желідегі жазбасында оны жалпыға түсінікті тілмен былай деп түсіндірген. 

«Егер бұрын өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген болса, енді өзін-өзі өлтіруге итермелеу және жәрдемдесу үшін жауапкершілік қарастырылады. Кәмелетке толмағандарға қатысты мұндай әрекеттер 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Осылайша, бұл шаралар суицидтің алдын алуды да, кінәлілердің жауапкершілігін де күшейтеді. Жаңа заң педофилдер мен балаларды өлтіру фактісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жазаны қарастырады. Бұл жағдайда кез келген балама алынып тасталады. Осылайша, қоғамда мұндай адамдарға мүлдем төзбеушілік қалыптасады», - дейді депутат. 

Айта кетерлігі, құжатты жария талқылау 25 сәуірге дейін жалғасады. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары