Соңғы 2 жыл ішінде жемқорлық қылмысына қатысты 4 жарым мыңнан астам іс тіркелген
Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің статистикалық мәліметі бойынша, соңғы екі жыл ішінде жемқорлық қылмысына қатысты 4 жарым мыңнан астам іс тіркелген. 2 мыңнан аса азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың 1300-ден астамы сотталды. Azattyq Rýhy тілшісі пара алу және бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша биыл қандай лауазымды тұлғалардың ұсталғанына қатысты шолу жасап шықты.
Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов 16 қаңтар күні лауазымын асыра пайдаланғаны үшін ұсталды. Ертесіне қалалық мамандандырылған тергеу соты өңірдің бұрынғы басшысын екі ай мерзімге қамауға алу туралы қаулы шығарды. Алайда 19 ақпаннан бастап, 13 мамырға дейін Бақауов үйқамақта отырды.
27 мамыр күні Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 сотында экс-әкім Болат Бақауовқа қатысты сот отырысы өтіп, сот үкімі бойынша ол 3,5 жылға бас бостандығынан шектеліп, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, Бақауов 100 сағат бойы әлеуметтік жұмыспен айналысуға міндеттелді.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйек айында Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «AksuTransLogistic» ЖШС-іне (компанияның жалғыз құрылтайшысы – сол кездегі облыс басшысы Болат Бақауовтың туысы) тексеріс жүргізіп, кәсіпорынның 200 млн теңгеден астам салық төлемін өтемегенін анықтаған.
Бұл тексеріс жайында сол кездегі облыс әкімі (2019 жылдың желтоқсаны) Болат Бақауов хабардар болып, өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін пайдалану арқылы облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айнабековтен тексерістің нақты нәтижесін көрсетпеуді, ал төленбеген салықтың көлемін 3-5 миллион теңгеге дейін азайтуды талап еткен.
27 наурыз күні Қызылорда облысының басшысы қамауға алынды деген ақпарат тарады. Қуанышбек Ысқақов «Сыр Мейірімі» қоғамдық әлеуметтік қорының қаражатын жымқырды деп айыпталды. Аталған іс бойынша жалпы саны 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында Ысқақовтың орынбасарлары мен туыстары бар. Желтоқсан айында Қызылорда қалалық №2 сотында Қуанышбек Ысқақовқа қатысты сот үкімі жарияланды. Сот шешімімен экс-әкімді жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтеуі керек. Сондай-ақ, Қуанышбек Ысқақов мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Жемқорлықпен аты шыққан лауазымды тұлғалардың бірі – Түркістан облысының судьясы Әшірбек Рахымбаев. Дәлірек айтқанда, Рахымбаев 31 қаңтар күні сотталушының жазасын жеңілдету мақсатында ірі көлемде пара алған деп айыпталды. Лауазымды тұлғаны ұстау операциясын ҰҚК мен Жоғарғы соттың қызметкерлері жүргізді. Сот отырысында күдікті барлық тағылған айыптың бәрін толық мойындады. Пара алу фактісі жасырын тергеу іс-қимыл материалдарымен дәлелденді (аудио, бейнетіркеу).
Белгілі болғандай, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сыбайлас жемқорлықпен Атырау облысының жергілікті билігіндегі шенділер де ұсталды. Өңір басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров 182 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Нақтырақ айтқанда, лауазымды тұлғалар Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы 200 орындық жаңа аурухана кешенін пайдалануға қабылдау актісіне қол қоюға жәрдемдескені және жалпы қамқорлығы үшін алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен 185 млн теңге сомасында аса ірі көлемде пара алуда күдікті болды. 3 желтоқсан күні қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, онда сотталушыларға параның 80 еселенген мөлшерінде айыппұл төлеу немесе мүлкін тәркілеумен 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы берілуі мүмкін.
Пара алған әкімдердің орынбасары тізімінің қатарында Ақтөбе облысы басшысының бұрынғы орынбасары Руслан Мамунов та бар. Ол өзінің туысы, Қостанай облысының экс-әкімі Ахмедбек Ахметжановтан заңсыз жолмен 1,2 млн доллар ақша алған. Мамунов бұл ақшаны 2016 жылы ірі көлемде пара алғаны үшін сотталған Ахметжановқа қатысты жазаны жеңілдету туралы келіссөз жүргізу үшін иемденген. Артынша, лауазымды тұлға Қостанайдың экс-әкімінің әйелі мен ағасы берген ақшаны екі Lexus көлігі мен Нұр-Сұлтан қаласынан 2 бөлмелі пәтер алуға жұмсаған. Алайда 13 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары ұсталғанын мәлімдеді. Нәтижесінде, сот үкімінің шешімімен Руслан Мамунов кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіз колонияда жазасын өтей отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен келген ақшаға сатып алынған мүліктері, нақтырақ айтқанда, Lexus-NX-200 (2016 ж) және Lexus-LX-570 (2017 ж) маркалы 2 көлік пен және Қалдаяқов көшесіндегі (Нұр-Сұлтан қ.) 2 бөлмелі пәтер тәркіленді.
«ҚазАгро» холдингінің бұрынғы басқарушы директоры – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма мүшесі Азамат Қамшымбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сүйенсек, ол Ақтөбе облысында орналасқан кепіл элеваторын сатып алу кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге тиесілі 200 000 АҚШ долларын ұрлауға және пара беруге итермелеуге әрекеттенген.
Әскери сала қызметкерлерінің де сыбайлас жемқорлық ісіне қатысы тыйылған жоқ. Қорғаныс министрлігі Кадр және әскери білім департаментінің бұрынғы басшысы генерал-майор Қайрат Көпбаев пара алғаны үшін сотталды. 2019 жылдың мамыр айында Көпбаев «Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты» РММ-іне офицерлік лауазымға тағайындау үшін 200 мың теңге сомасында пара алғаны анықталды. Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен Көпбаев мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот Көпбаевты генерал-майор әскери атағынан және «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді.
30 қараша күні Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың ұсталғаны жайында ақпарат тарады. Алайда күні бүгінге аталған хабарлама қатысты ешқандай ресми мәлімет жарияланған жоқ. Жуырда ОКҚ-да өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов шенеунікке қатысты журналистердің сұрағына жауап беру кезінде ақпаратты растаған да, жоққа да шығарған жоқ.
Жыл басынан бері әбден сынның астында қалған Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы өкілдеріне қатысты қылмыстық істердің дауына әлі де нақты нүкте қойылған жоқ.
Бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің қамауға алынғаны туралы алғашқы ақпарат тамыз айының басында жарияланды. Бұл туралы Қаржы мониторинг комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Экс-шенеунік бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. 21 қыркүйекте күдіктіге қатысты жаңа деректер белгілі болды. Қаржы мониторинг комитетінің төрағасы Жанат Элимановтың мәліметінше, бұрынғы вице-министр (Денсаулық сақтау - авт.) ақпараттық орталық құруға арналған 500 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын талан-таражға салды деген күдікке ілініп отыр. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Олжас Әбішевке электронды бақылау құралын (білезік) таққандығын мәлімдеді. Күдікті бүгінде үй қамақта отырғаны белгілі болды. Ал тергеу амалдары әлі де жалғасуда.
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та орынбасары сынды күтпеген жерден күдікті атанды. Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде. Баспасөз қызметінің 3 қарашада берген мәлдіметіне сәйкес, Біртановқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан