Бұрынғы вице-министрге электронды білезік тағылып, үйқамақта отыр
Антикор бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министріне қатысты тергеу жалғасып жатқанын айтты
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы ҚР Денсаулық сақтау вице-министріне қатысты бірнеше мәрте пара алу күдігі бойынша қылмыстық іс тергеуде екенін хабарлады.
«Оған қатысты жаңа технологияларды – электрондық бақылау құралын (білезік) қолдана отырып, «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге де деректері тергеу мүддесінде жария етілмейді», - делінген агенттік хабарламасында.
Еске сала кетейік, 2 тамызда Қаржы мониторинг комитетінің баспасөз қызметі Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ұсталғанын хабарлады.
Бүгін бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған Олжас Әбішевке қатысты Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пікір білдіріп, орынбасарының өткен аптада өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазғанын және оның кінәсі дәлелденсе, қызметінен босатылатынын айтты.
Олжас Әбішевтің ұсталғаны туралы алғаш рет ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті хабарлаған. 21 қыркүйекте комитет төрағасы Жанат Элиманов Әбішівке қатысты қолда бар ақпаратын ұсынды.
«Бұрынғы вице-министр (Денсаулық сақтау - авт.) Олжас Әбішевке қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Ол ақпараттық орталық құруға арналған 500 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын талан-таражға салды деген күдікке ілініп отыр. Сот шешімімен ол екі айға қамалып отыр», - деді Жанат Элиманов.
Олжас Әбішев 2018 жылы Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған еді. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік саласына жауап берді.