Қызылорда облысының экс-әкімі 7 жылға бас бостандығынан айырылды

Экс-әкімнің орынбасарлары мен туыстары да сотталды

Қуанышбек Ысқақов, фото: ашық дереккөзден

Қызылорда қалалық №2 сотында Қуанышбек Ысқақовқа қатысты сот үкімі жарияланды. Сот шешімімен экс-әкімді жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтеуі керек. Сондай-ақ, Қуанышбек Ысқақов мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, экс-әкімнің орынбасарлары М. Имандосов пен М. Делмұханов - 6 жылға, облыстың бұрынғы әкімінің туысы А. Досмаилов пен облыстың бұрынғы әкімінің сенімді тұлғасы Ж. Ысқақов - 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Олар Қызылорда облысының мемлекеттік қызметшілерінің бір күндік жалақысын аудару есебінен қалыптастырылған және Арыс қаласында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған «Сыр Мейірімі» қорының ақшалай қаражатын жымқырды деп айыпталуда.

Аталған іс бойынша жалпы саны 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өткен жөн. Жоғарыда аталған 5 сотталушыдан басқа қылмыстық іске 4 кәсіпкер мен Қызылорда облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы тартылды. Оларға қатысты шын өкінуіне байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.

Бұған дейін прокурор Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовты сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ысқақовқа қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасады деген айып тағылды. Ал оның екі орынбасары мен екі кәсіпкер бұл қылмысты жасауға көмектесуші ретінде сотталып жатыр. Прокуратура екі орынбасардың әрқайсына жеті жыл, кәсіпкерлердің әрқайсына алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. 

Еске сала кетейік, 27 наурызда әлеуметтік желілерде Қызылорда облысының әкімі қамауға алынды деген ақпарат тарады.

28 наурыз күні Қуанышбек Ысқақов Қызылорда облысы әкімі қызметінен босатылып, оның орнына өңір басшысы болып Гүлшара Әбдіхалықова тағайындалды.

7 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысының экс-әкіміне қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа берілгенін хабарлады

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.