Ауыр атлетика: Лимада өтіп жатқан әлем кубогінде Қазақстан үшінші алтынға қол жеткізді
Жарыс жасөспірімдер арасында өтуде
Перу астанасы Лима қаласында бұл күндері ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем кубогі өтіп жатыр. Басты ерекшелік – халықаралық сайыс онлайн форматында өтуде. Бүгін қазақстандық атлеттер қоржынға бір алтын және бір қола жүлдеге қол жеткізді.
Бірінші орынды қыздар арасында сынға түсіп жатқан айсамал Сансызбаева жеңіп алды. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін жерлесіміз қос сайыс бойынша барлығы 244 келіні бағындырып (107+137кг), алдына жан салмады. Екінші орын алған қытайлық Тайпэй өкілі одан 14 келіге аз көтерген.
Осы күні жарысқа шыққан Жанәлі Тұяқов та Қазақстан қоржынына жүлде салды. 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған қазақ баласы серпе және жұлқа көтеруде барлығы 319 келіні бағындырып, үшінші орын иеленді. Бұл – оның халықаралық деңгейдегі алғашқы жарысы болатын.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан намысын қорғаған Абылай Әуелханов пен Рахат Бекболат та ел қоржынын алтын медальмен толықтырған болатын.
Абылай Әуелханов 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Қоссайыс нәтижесінде жалпы 237 (102+135) келіні бағындырып, әлемдік жарыста топ жарды.
Рахат Бекболат болса 102 келіде алдына жан салған жоқ. Ол жұлқа көтеруде – 140 келі, серпе көтеруде – 179 келіні бағындырып, жалпы есепте 319 келімен жарыстың алтын медалін жеңіп алды.
Тағы бір қола жүлдені қанжығасына отандасымыз Гүлнұр Ыбырай байлаған болатын. Ал, Азамат Төлеген мен Мейрамбек Әбіхалық төртінші орыннан көрінді.
Спорт мамандарының айтуынша, осы әлем кубогінен кейін көзге түскен жас өрендер болашақта Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғауы мүмкін. Қазіргі таңда тек ұлттық құраманың ішінде бәсекелестік аса жоғары дейді отандық бапкерлер. Пекин және Лондон олимпиадаларындағы қазақстандық атлеттердің сәтті өнер көрсетуінен кейін елдегі ауыр атлетика мектептеріне келген балалардың саны күрт артқан. Бүгінде солардың дені нәтиже көрсетіп, ұлттық құрамаға мүше болуға таласып жүр.