$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2020, 18:25
Оқиғалар

«Процессуалдық қателіктер жіберілген»: сот атыраулық шенеуніктерге қатысты істі прокуратураға қайтарды

Аталмыш тұлғалар 185 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген

«Процессуалдық қателіктер жіберілген»: сот атыраулық шенеуніктерге қатысты істі прокуратураға қайтарды
фото: Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық соты Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының экс-басшысы Тимур Басаровқа қатысты аяқталған қылмыстық істі прокуратураға қайтарып берді. Алдын ала сот отырысында судья тергеу барысында процессуалдық қателіктер жіберілгенін анықтады. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.

Сот ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісі О.Тобашевтың сотталушылардың құқықтарын шектеп, оларға және адвокаттарына іс материалдарымен танысуға, өтініш беріп, оларға рұқсат беру туралы жауап алуына мүмкіндік бермегенін көрсетті. Сот айыптау қорытындысына сәйкес, сотталушыға тағылған «айыптау шегін анықтау мүмкін емес» деп таныды.

«Біз айыптау актісін тергеуші 3 желтоқсанда дайындап, оған қол қойып, мақұлдап, облыстық прокуратураға жібергенін, сол күні, яғни, 3 желтоқсанда оқылып, 4 желтоқсанда сотқа жолданғанын соттың қаперіне бердік. Бұл тергеу органы мен процессуалдық прокурорлардың өз міндеттеріне формальды түрде қарағанын көрсетеді, дегенмен бұл іске тергеу жүргізген тергеу-жедел тобының қарамағында жиырма шақты жедел уәкіл мен тергеушілер және үш процессуалдық прокурор болды», - дейді адвокат Нұрлан Жолболов.

Жолболовтың айтуынша, тергеліп жатқан адамдардың құқықтары бұзылған мұндай істер жиі кездеседі, ал соттар бұған назар аудара бермейді.

«Егер болашақта да соттың істі қарауына принципиалды көзқарас болса, онда көп ұзамай қоғам «заңдылық» ұғымына ешқандай қатысы жоқ тергеудің басқа да өрескел әдістері туралы білетін болады», - деді Жолболов.

Еске сала кетейік, сот 10 қыркүйекте ұсталған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаровқа 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

4 желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен Құрылыс басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтағанын хабарлады.

«Олар Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы 200 орындық жаңа аурухана кешенін пайдалануға қабылдау актісіне қол қоюға жәрдемдескені және жалпы қамқорлығы үшін алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен 185 млн теңге сомасында аса ірі көлемде пара алуда күдікті болды», - делінген агенттік хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары