$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.05.2020, 12:50
Саясат

Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов 3,5 жылға сотталды

Ол лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыппен кінәлі деп танылды

Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов 3,5 жылға сотталды
Фотоколлаж

Бүгін Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 сотында экс-әкім Болат Бақауов ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтіп, сот үкімі бойынша ол 3,5 жылға сотталды. 

«Ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлімінің 3-тармағы бойынша «қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың ауыр зардаптарына әкеп соққан лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды» деген айыппен кінәлі деп танылды. Сот үкімі бойынша оған 3,5 жылға бас бостандығынан шектеу, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков.

Сот үкімі оған ойын-сауық орындарына бармауға, тұрғылықты жерінен шықпауға, пробация қызметіне келуге тыйым салды. Сонымен қатар, Бақауов 100 сағат бойы әлеуметтік жұмыспен айналысуға міндеттелді. 

Бүгін Бақауов ісі бойынша Skype арқылы өткен сот отырысына қатысқан павлодарлық прокурор Елена Белова Болат Бақауовтың 3,5 жылға бас бостандығын шектеуді сұрады.

Прокурор айыпталушының кінәсі тергеу, куәгерлердің жауаптары және іс бойынша жиналған айғақтармен дәлелденгенін айтты. Сондай-ақ, экс-әкімнің мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияларда лауазымдар атқару құқығынан және барлық мемлекеттік марапаттарынан айыруды талап етті.

Айыпталушы Болат Бақауов кінәсін толықтай мойындап, прокурормен процессуалды келісімге келді. Бақауовтың адвокатының айтуынша, ол процессуалды келісімге өз еркімен келген.

Еске сала кетейік, 2019 жылы қыркүйек айында Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «AksuTransLogistic» ЖШС-ға (компанияның жалғыз құрылтайшысы сол кездегі облыс басшысы Болат Бақауовтың туысы) тексеріс жүргізіп, 2014-2018 жылдар аралығында бюджетке салық төлеу есебін қарап шыққан. Сол кезде кәсіпорынның 200 миллионнан астам теңгенің салығын төлемегені анықталған.

Бұл тексеріс жайында сол кездегі облыс әкімі (2019 жылдың желтоқсаны) Болат Бақауов хабардар болып, өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін пайдалану арқылы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айнабековтен тексерістің нақты нәтижесін көрсетпеуді, ал төленбеген салықтың көлемін 3-5 миллион теңгеге дейін азайтуды талап еткен.

«2020 жылдың 8 қаңтарында Айнабеков Бақауовтың кеңсесіне келіп, оның өтініші орындалғаны туралы хабарлады. Ол салық көлемі 3 млн 146 мың теңге сомасындағы ЖШС-ның тексеру нәтижелерін ұсынған. Сондай-ақ ол салық төлемі 213 миллион 60 мың теңгені құрайтын тексеру нәтижелерінің екінші жобасын қатар ұсынды. Бақауов туысына қоңырау шалып, бастапқы соманы төлеу керектігін айтты, содан кейін 3 миллион 155 мың теңге төленді», - деді прокурор Белова.

Еске салайық, ҰҚК 2020 жылдың 16 қаңтарында Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовты лауазымын асыра пайдаланды деген қылмыстық іс бойынша ұстаған еді.

17 қаңтарда Павлодар қалалық мамандандырылған тергеу соты Болат Бақауовты екі ай мерзімге қамауға алу туралы қаулы шығарды.

19 ақпанда Павлодар соты экс-әкім Бақауовқа қатысты үйде қамауға алу туралы санкция шығарды.

10 сәуірде Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов үйқамақ мерзімі 13 мамырға дейін ұзартылды.

Серіктес жаңалықтары