Болат Бақауов екі айға қамауға алынды
Ал облыс әкімі өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді
Болат Бақауовты екі ай мерзімге қамауға алу туралы қаулы шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Павлодар қалалық мамандандырылған тергеу сотының мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Прокурордың хабарлауынша, Болат Бақауов лауазымдық уәкілеттіліктерін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлімі 3-тармағы бойынша күдіктеліп отыр.
Аталған бап санкциясында дүние-мүлкін тәркілеп, қандай да бір лауазымды қызмет атқару немесе қандай да бір іспен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мемлекеттік айыпталушылар Бақауовты 2020 жылдың 16 наурызына дейін екі айға қамауға алуды сұрады.
«Бұл алдын алу шарасы күдікті еркіндікте жүргенде істің шынайы тергелуіне кедергі келтіруі ықтимал немесе қашып кетуі мүмкін деген қауіппен қабылданып отыр», – деді прокурор.
Ал Болат Бақауов өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді.
Күдіктіні қамауға алу туралы өтінішхатты Павлодар қалалық тергеу сотының судьясы Балтабай Дөңбекбаев қарады. Ол Болат Бақауовты екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарды.
Еске салсақ, Болат Бақауов қызметтік лауазымын асыра пайдаланылды деген күдікке ілінген еді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу шараларын жүргізген болатын.
Болат Бақауов ұсталды деген мәлімет 15 қаңтар күні кейбір сайттар мен әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді. Артынша Павлодар облыстық әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасап, аймақ басшысының әкімдік ғимаратында емес, бірақ қалада жұмысқа қатысты шаруалармен жүргенін айтқан болатын.
Болат Бақауов 2016 жылдың наурыз айында Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған болатын. Еңбек өтілін 1988 жылы Железин ауданы «Советский Казахстан» совхозының автогаражының жұмысшысы және жүргізушісі болып бастаған ол «Бақауов» шаруа қожалығының басшысы болды, кәсіпкерлік қызметпен айналысты.