Елордада сәбиді құтқаруға көмектескен Сағи Жылқышиев төсбелгімен марапатталды

Azattyq Rýhy

Бұған дейін Сәбит Шонтақбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған болатын

Елордада сәбиді құтқаруға көмектескен Сағи Жылқышиев төсбелгімен марапатталды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгін елордалық Төтенше жағдайлар департаментінде досы Сәбит Шонтақбаевпен бірге кішкентай қызды сегізінші қабаттың терезесінен құлаудан құтқаруға қатысқан батырды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сағи Жылқышиев көрсеткен ерлігі үшін ҚР ТЖМ бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен, алғыс хатпен және қолсағатпен марапатталды.

Еске сала кетейік, 11 мамыр күні Сәбит досымен бірге таңертең жұмысқа бара жатқан сәтте адамдар тобын көреді. Олар 8-қабат деңгейінде терезеде ілініп тұрған баланың жанұшырып жылаған дауысынан дереу подъезге жүгірген. Көршілер арқылы 7-қабатқа көтерілген Сәбит Сағимен бірге құтқару шараларын қолға алады, себебі әрбір секунд есепте болған еді. Сәбит терезеден өтеді, ал Сағи бір қолымен досының аяғын, екінші қолымен терезені ұстап сүйеп тұрады.

«Біз жұрттың айғайы мен жылағана баланың дауысын естіп, артынша терезеде ілініп тұрған баланы көргенде, бар ойымыз тек баланы құтқару ғана болды. Еш ойланып тұрмастан бірден жүгіріп кеттік», - деп атап өтті Сағи Жылқышиев.

Екі достың бірлескен күш-жігерімен санаулы минуттарда бүлдіршін өлім аузынан аман қалды.

Оқи отырыңыз: «Айзере асыр салып ойнап жүр»: елордада құтқарылған бүлдіршінді дәрігерлер тексерістен өткізді

Еске салсақ, 11 мамыр күні Нұр-Сұлтанда Ұлы дала көшесіндегі тұрғын үйдің 8-қабатының терезесіне шығып алған баланы көршілері құтқарып қалған еді. Сол күні кешке баланы құтқарып қалған көпбалалы әке Сәбит Шонтақбаевқа депутат Ғабит Сәтмағамбетовтің жеке қоры үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Ал оның жанында болған, баланы құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиевке Gbg құрылыс компаниясы 2 бөлмелі пәтер сыйлады

Бұған дейін ТЖ бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев батыр азамат Сәбит Шонтақбаевты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттаған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.