Мәжіліске «бұзық» депутаттар келеді деген үміттемін – Саясат Нұрбек

Депутат Парламенттің жұмысына қатысты өзгерістерге жайында пікір білдірді

 

Мәжіліске «бұзық» депутаттар келеді деген үміттемін – Саясат Нұрбек
Коллаж: Azattyq Rýhy

Күні кеше хабарлағанымыздай, референдум арқылы Ата заңымызға көзделіп отырған түзетудің бірі – қазіргі заң қабылдау тәртібін өзгерту. Яғни, қазір қандай да бір заң жобасын алдымен Мәжіліс әзірлеп, үкіметтен келген заң жобасы болса, екі оқылымда талқылап, кейін оны Сенатқа жібереді. Сенат та оны қайта талқылап, түзету енгізу керек болса оны қайта Мәжіліске жіберіп, Мәжіліс ол түзетуді енгізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ал ендігі өзгеріс арқылы кез келген заң жобасын Мәжіліс қабылдайды, Сенат не келісетінін, не келіспейтінін айтады. Саясат Нұрбектің айтуынша, Конституция өзгерсе, Сенат келіспеген заң жобасына Мәжіліс қайта қолдап дауыс берсе, Сенаттың шешімі күшін жояды. Парламенттің жұмысына қатысты осы және өзге де өзгерістерге қатысты пікір білдірген Саясат Нұрбек маңызды заңдар тез қабылданар еді дейді.

«Бұл – бір. Екіншіден, Мәжіліс депутаттарының саны 107-ден 98-ге дейін қысқарады және тазарады. Мен өзім жаңадан сайланған депутат болған соң, маған ондағы жағдай біртүрлі көрінді: Мәжіліс депутаттары сайланбаған, ҚХА квотасы бар. Бұл саяси мәдениет тұрғысынан да біртүрлі. Толыққанды сайланған Мәжіліс болған жағдайда, бәсеке де, белсенділік те болар еді. Енді осы өзгерістер арқылы партиялық тізімдегі депутаттардан басқа, ешбір партияға мүше емес, өзінің округінен мандат арқылы сайланған депутаттар келеді. Партиялық тізіммен келген депутаттардың пікірі де, бас еркіндігі де, жауапкершілігі де онша емес. Ал енді мажоритарлық жүйе, яғни аралас жүйе енсе, Мәжіліске тек партиядан ғана емес, мандатпен сайланған депутаттар келеді. Саясаттың қызығы сонда басталады, өз басым бұл өзгерістерді қатты күтіп жүрмін», - деді депутат.

Саясат Нұрбектің болжамынша, партияға қатысы жоқ депутаттар өзін сайланған халықтың мүддесін ойлап, партиядан келген әріптестеріне қарсы пікір білдіреді, партия алдында еш қарызы болмағандықтан, тек сайлаушыларының алдында жауапты болады. Егер ол сайлаушылардың көңілінен шықпаса, халық оның мандатын басқа біреуге алып бере алады.

«Бір сөзбен айтқанда, мандатпен келген депутат партиялық тізімдегі депутаттарға қарағанда еркін болады, тәуелсіз болады, «бұзықтау» болады деген үміттемін. Өйткені қол байлайтын шектеулер жоқ. Осындай жүйе орнаса, яғни басқа бір елдегідей, әлеуметтік топтың мүддесін төбелесіп тұрып қорғайтын депутаттар келсе, Мәжілістің мәдениеті өзгереді. Өзге елдердің парламентінен көрген қызық пікірталас, қызуқанды дебат көретін күніміз болатын шығар», - дейді Саясат Нұрбек.

Саясат Нұрбек Мәжіліс депутаттары мұндай өзгеріске дайын деген пікірде.

«Бұл сұрақ баланың тәрбиесі сияқты сұрақ қой, яғни «менің балам әлі кішкентай, әлі дайын емес» деген ата-ана сияқты, біз де Мәжіліс дайын ба, жоқ па деп жүре берсек, өзгермейді. Жалпы, 1995 жылдары  біз либерализация, демократизация  процестерін тоқтатпаған жағдайда қазір басқа  саяси мәдениет деңгейіндегі ел болып қалыптасар едік. Бірақ тарих ешқашан өткен шақты түзетпейді. Сондықтан ендігі өзгерістерді өз басым қолдаймын және Мәжілістің келбеті өзгереді деген үміттемін», - деп ой қорытты ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.