«Тұрсынбек менің бірінші арыз жазғанымды күтті»: Мөлдір Мұқанова ауыр күйзелісі туралы айтты
Әнші ажырасу кезіндегі психологиялық күйі туралы ашық пікір білдірді
Танымал продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқанова журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Тұрсынбек Қабатовпен ажырасу процесі және сол кездегі психологиялық күйі туралы ашық айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тұрсынбек менің бірінші арыз жазғанымды қалады»
Мөлдір Мұқанованың айтуынша, отбасын сақтап қалу үшін көп жыл тырысқанымен, бәрі сәтсіз аяқталған. Ол ажырасуға байланысты шешімнің қалай қабылданғанын еске алды.
«Он төрт жылға созылудың себебі — үзілмеген үміт. Бес балам бар, отбасымның бұзылғанын қаламадым. Бір күні Тұрсынбектен «Сонымен не істейміз, ажырасамыз ба?» деген смс келді. Ол менің бірінші қадам жасағанымды қалаған сияқты. Себебі оны бес саусағымдай білемін. Сөйтіп, бірінші арыз жазуға тура келді», – деді әнші.
Продюсер күйеуімен арадағы үнсіздік пен қарым-қатынастың салқындауы жанын қатты ауыртқанын айтты.
«Жүрегім қан жылады»
Мөлдір Мұқанова сұхбат барысында ажырасу кезеңінде ауыр күйзеліс пен торығу болғанын жасырмады.
«Маған өте ауыр болды. Жүрегім қан жылады. Сол кезде ол «Біз қалай ажырасамыз, бәрін бірге жасадық қой» деді. Басында осы сөздер мені ұстап қалатын. Бірақ кейін ол үйден жиі кетіп қалатынды шығарды», – деді ол.
«Тұрсынбек – жақсы әке»
Мөлдір Мұқанова бұрынғы күйеуі туралы жылы пікір білдіріп, оның жақсы әке екенін, бірақ ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктер бәрібір шешілмегенін айтты.
«Тұрсынбек – жақсы әке. Бірақ мен күйеуі бар адаммын ба, жоқпын ба, соны түсінбей қалдым. Бұл тек екеуміздің тағдырымыз емес, балаларымыздың да өміріне әсер етті. Сол үшін шешім қабылдауға тура келді», – деді продюсер.