Отбасында жанжал шығаратындарды бірден қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды – министр
ІІМ басшысы Павлодар тұрғындарымен кездесті
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Естай атындағы мәдениет сарайында өтіп жатқан халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Кездесуде қала тұрғыны министрге отбасылық жанжал турлы сауал қойды.
«Менің көршім мас күйінде жиі шу шығарады. Әйелі полиция шақырса, олар алып кетіп, бірнеше сағаттан кейін жібереді. Ол келіп жанжалын тағы жалғастырады. Не істеуге болады?» – деді қала тұрғыны.
Марат Ахметжанов бұрын мұндай отбасылық жанжал кезінде күш көрсетушілерге айыппұл салынғанын айтты.
«Отбасылық жанжал жиі туындайды. Бұл іс әкімшілік кодекспен қаралады. Бұрын айыппұл салынып, кейін оны отбасылық бюджеттен төлеу керек болатын. Бүгінде отбасылық-тұрмыстық қатынасқа қатысты мәселені криминогенді ету туралы мәселе көтерілді. Оны деңгейіне байланысты қарау керек. Егер қол көтерусіз жай ұрыс болса, жеңіл қарауға болады», - деді Марат Ахметжанов.
Бүгінде отбасылық жанжал кезінде полиция күш көрсетуге алдымен хаттама толтырып, ескерту береді. Жанжал тағы қайталанса, 20 тәулікке қамауға алынады. Ал үшінші рет жасалса қылмыстық жауапкершіліке тартылып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Мұндай жанжалдарда жақын жандар болған соң кешіріп жатады. Полиция келеді, олар татуласады. Полиция кеткен соң «сен полиция шақырдың» деп қайта ұрыс басталады. Соңында трагедиялық жағдайлар туындауы мүмкін. Сондықтан бүгінде Мемлекет басшысынан отбасылық жанжалға қатысты жазаны қатаңдату тапсырмасы бар», - деді министр.
Ішкі істер миниистрінің айтуынша, егер бүгін отбасылық бірінші жанжалда бірден қылмыстық жауапкершілікке тартатын болса, ертең сол отбасының болашағына қатысты мәселе туындайды.
«Сондықтан қазіргі заңның тек кейбір тұсына түзетулер енгізу керек. Мұндайда жанжал шығарушыға бірден хаттама толтыру керек. Кешірсе – ескерту беріп, кешірмесе – қамау керек. Сондай-ақ осындай құқықбұзушылық жасауға бейім адам ретінде тізімге алынғаны жөн. Одан кейін қайталаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет», - деді Марат Ахметжанов.