Астанада 9-қабатқа шығып алған баланы көршісі құтқарып қалды
Баланың ата-анасы оқиға кезінде үйде болған
Нұр-Сұлтанда Ұлы дала көшесіндегі тұрғын үйдің 9-қабатының терезесіне шығып алған баланы көршісі құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеода 8-қабаттың терезесіне ілініп тұрған баланы астыңғы қабатта тұратын ер адам құтқарып қалады. Батылдығы, батырлығы мен ерлігі үшін ер адам марапатқа ұсынылмақ.
«11 мамыр күні сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі 27/1 бойынша 9-қабат деңгейінде бала тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту орнына жеке құрамның 7 адамы және 2 бірлік техникасынан тұратын Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД бөлімшелері жедел жіберілді. Осы уақыт аралағында төменгі қабатта тұратын ер адамның сегізінші қабаттағы балконның карнизіне ілініп қалған баланы құтқарып алғаны анықталды. 2019 жылы туған қыз ата-анасымен бірге үйде болған, алайда сол сәтте баланың жанында ешкім болмаған.
Қуанышқа орай, 1985 жылы туған тұрғын Шонтақбаев Сәбит жетінші қабатта тұрып, жылап жатқан баланы көргенде ойланбастан және өз өміріне қауіп төндіре отырып, санаулы секундта қызды құтқарып қалған», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД хабарламасында.