Ақтөбеде елікті заңсыз атқан тұрғын ұсталды
Жыл басынан бері облыста аң аулау ережелерін бұзудың 400-ден астам жағдайы тіркелді
Ақтөбеде елікті заңсыз атқан тұрғын ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
“Киік” жедел алдын алу іс-шарасы барысында 11 мамыр күні Қарғалы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері түнде Рождество-Донское жолының 26 шақырымында SsaygYong Nomad автокөлігін сүйреп келе жатқан 24 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Niva автокөлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде SsaygYong Nomad көлігінің жүк салғышында еліктің сүйегі мен мүйізі, ИЖ-27Е маркалы 12 калибрлі, екі ұңғылы аңшы мылтығы және 24 патрон табылды.
"Аңшылыққа шыққан уақытта 34 жастағы тұрғынның автокөлігі сынып қалып, көмекке көршісін көлігімен шақырған. ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Табиғатты қорғау полициясы орман және аңшылық шаруашылығының қызметкерлерімен үнемі тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Жыл басынан бері облыста балық аулау ережелерін бұзудың 98 және аң аулау ережелерін бұзудың 400-ден астам жағдайы тіркелді. Браконьерлік деректерге қарсы әрекет ету – полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі", – деп түсіндірді ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Серік Елеуов.