Экс-әкім Болат Бақауов қазақстандықтарға арнап жазба жариялады
Павлодар облысының бұрынғы басшысы 3,5 жылға сотталып кеткен болатын
Павлодар облысының 3,5 жылға сотталып кеткен бұрынғы әкімі Болат Бақауов ұзақ уақытқа созылған үнсіздіктен кейін әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жазба мәтінінде өңірдің бұрынғы басшысы тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтаған.
«Армысыздар ағайын! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Халқымыздың жаңа жылында өмірдің жаңа парағын ашып жатырмыз. Өткен жыл өзінің күрделі оқиғаларымен есте қалды. Бірақ, оның бәрі де – өтті, кетті. Күн артынан күн туып, өмір жалғасуда», - деп жазады Бақауов Instagram-парақшасында.
Ол әрқашан елмен бірге болатынын айта келіп, жерлестеріне жылы тілегін арнапты.
«Кіндігім осы елге байланған ер азамат болғандықтан, елмен бірге боламын. Кешегі көрісу күні аясында халқыммен қайта қауышуға ниеттімін. Сіздердің мейірімді де кең құшақтарыңыздың алдында менің жүрегім де, жүзім де ашық. Жаңару айында, рахым мен кешірім айында Сіздерге жақсылық пен бақ-береке тілеймін. Пандемиядан аман шығып, еркін ойнап-күлген күндер қайта оралсын. Ұлыс оң болсын!», - дейді автор.
Айта кетсек, Болат Бақауовтың желідегі парақшасында соңғы жазба 2020 жылдың 15 қаңтарында жарияланған болатын. Сол күні экс-әкімді ҰҚК қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат тараған еді. Осы жайтқа байланысты Павлодар облысының әкімдігі тергеу ісіне қатысты қандай да бір нақты пікір білдіре алмайтынын мәлімдеді.
17 қаңтар күні Бақауовқа қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылып, екі айға қамауға алынды. Ал 21 қаңтар күні қызметінен босатылды. Бір айдан кейін, 19 ақпан күні оған қатысты қамауға алу туралы бұлтарпау шарасы үй қамауына өзгертілді.
2020 жылдың мамыр айында Болат Бақауовқа қатысты сот шешімі шығып, 3,5 жылға сотталды.