Биыл еліміз бойынша қанша шақырым жол жөнделеді
Қазір қайта жөндеу бойынша 17 жоба жүзеге асырылып жатыр
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков жөнделетін жолдар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырымнан астам автожолда жүргізіліп жатыр (республикалық желінің 7 мың шақырымы және жергілікті желінің 4 мың шақырымы). Республикалық желі бойынша 3,6 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жалғасады, соның 856 шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен 3,4 мың шақырым жол қамтылады», - деді Амангелді Беков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол атағандай, жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрімен 4 мың шақырым жол қамтылмақ, соның 3 мың шақырымы аяқталады.
«Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдың үлесі республикалық желі бойынша 92%-ға және жергілікті желі бойынша 87%-ға дейін жеткізіледі. Реконструкциялау бойынша жұмыстар 17 жобада жүргізілуде, олардың аясында 2024 жылға дейін іске асыру мерзімімен 3,6 мың шақырым жол қамтылатын болады», - деді Беков.