СҚО-дағы Белое ауылының тұрғындары көл суын ішіп отыр

Тұрғындардың айтуынша, сапасыз судың кесірінен денсаулығы сыр бергендер көп

СҚО-дағы Белое ауылының тұрғындары көл суын ішіп отыр

Солтүстік Қазақстандағы Мамлют ауданына қарасты Белое ауылының тұрғындары көл суын ішуге мәжбүр. Қарды ерітіп, асқа пайдаланып отырғандар да бар. Былтыр қазынадан 600 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, аудан орталығынан су құбыры тартылды. Алайда, нысан әлі күнге халық игілігіне берілген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ҚАРИЯ КҮНІ БОЙЫ ҚАР ЕРІТЕДІ

Ислам Омаров атамекенін аңсап, Ресейден көшіп келген. Қазір азын-аулақ мал бағып күн көріп отыр. Үй маңынан құдық қазған. Алайда оның суы төрт түлікті суаруға ғана жарамды. Сондықтан ақсақалдың қолы қалт етсе, үйге қар тасумен болады. Бір шелек ақ ұлпадан 1,5 литр су шығады. Оны еріту үшін күні бойы отын шығындап, пеш жағады.

«Қыс бойы қар аз болды. Соған қарамастан ақ ұлпаны жинап алып, ерітеміз. Боран болса, қуанатын болдық. Күніне 10 шелек қар тасимын. Соны жуынуға, шайға, тамақ пісіруге пайдаланамыз. Аудан әкімі бұл мәселені біледі. Бірақ, оны шешу үшін ештеңе тындырып отырған жоқ. Өзі таза су ішетіні хақ. Халықтың жағдайын ойлап жатқан шенеунік бар ма екен? Бір айдан астам уақыт бұрын облыс әкімі Марат Тасмағамбетовтың қабылдауына жазылдым. Бірақ әлі күнге кіре алмадым», - дейді зейнеткер Ислам Омар.

ҮЙІНЕ СУ ӨТКІЗУ ҮШІН НЕСИЕ РӘСІМДЕГЕНДЕР БАР

Жергілікті шаруашылықтардың бірі аптасына екі рет тратормен су әкеліп, көшедегі ыдыстарға құяды. Көпшілік көлден келген тіршілік нәрінің әр тамшысын үнемдейді. Себебі, сол суды асқа да, жуынуға да, мал суару және басқа да қажеттіліктеріне пайдаланады.

«Бөшкенің ішіне қыс бойы су қатып, сыйымдылығы азайып қалады. Сондықтан су әкеліп құйса, бірден қораға тасып аламыз. Көшеге келген құбырды үйге тарту үшін жарты миллион теңге төледік. Сол үшін мал өткіздік. Қарызданып-қауғаланып, несие рәсімдеген көршілер бар. Әлі күнге төлеп отыр. Ертең оны қосу үшін тағы да ақы сұрауы мүмкін. Сыртта кәріз суы құйылатын шұңқыр қазып, іште де бәрін істеп қойдық. Асыққан еңбегіміз текке кетті. Әкімдіктің жалған уәдесіне сеніп қалдық. Былтыр күзде болады деген су әлі жоқ. Көктем аяқталуға жақын. Желілік тораптан алған су иістеніп кетеді. Ішу мүмкі емес. Балам мен келінім аптасына 1-2 рет 40 литрден таза су алып келеді. Үнемдеп, соны ішеміз», - дейді Вера Фризен.

«САПАСЫЗ СУДЫҢ КЕСІРІНЕН ДЕНСАУЛЫҒЫ СЫР БЕРГЕНДЕР КӨП...»

Былтыр елді мекенге аудан орталығынан 21 шақырым құбыр тартылған. Суды үйге кіргізу үшін тұрғындар 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қосымша ақы да төлеп қойған. Несие рәсімдегендер бар. Ал әкімдік уәде еткен ауыз су әлі күнге жоқ.

«Көлігімнің жүк салғышы 5 литрлік пластик ыдыстарға толып тұр. Өйткені қайда барсам да, таза су ала келемін. Аудан ортылығы Мамлют қаласына жиі қатынаймын. Кейде Қызылжарға да барамыз. Кейбірі көріп, күледі. Ал бізге күлкілі емес. Суды сарғая күтіп жүрміз. Көлдің суын да, қардың суын да іше алмаймыз. Денсаулыққа зиян ғой. Салдарынан қаншама инфекция тарайды. Ауылда ауырып жатқандар көп. Қайтыс болғандар да бар. Оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Осы мәселені де қолға алу керек деп ойлаймын. Ауылда желілік су торабы бар. Жұмыс істегенінен, жабық тұрған күні көп. Оның да суы сапасыз. Ішуге келмейді. Өзі соған қарамай кестемен жұмыс істейді. Қосалқы бөлшектері, сүзгілері әбден тозған»,- дейді Белое ауылының тұрғыны Ақан Жетеев.

ТЕРІСКЕЙ ХАЛҚЫНЫҢ 30%-ы ТІРШІЛІК НӘРІНЕН ТАРШЫЛЫҚ КӨРІП ОТЫР

Тіршілік нәрін сырттан тасып ішеуге бәрінің шамасы келе бермейді. Ауылда су торабы бар. Нысанның жұмыс істегеннен гөрі, жабық тұратын уақыты басым. Тозығы жеткен жүйе жиі сыр береді.

«Көлдің жанында техника паркі бар. Сол жерге түрлі химикаттар, егінге арналған тыңайтқыштар әкелінеді. Ол қар суымен бірге көлге қарай ағады. Мал да, ит-құс та сол жерде жүреді. Оның суын ішкен адамның денсаулығы не болмақ? Күзде аудан әкімі Владислав Лукин келіп, жиын өткізіпті. Бізге оны ешкім хабарлаған жоқ. Жұртшылыққа 50 үйде су бар деп есеп берілген екен. Мен әр ауланы білемін. Ешкімде су жоқ. Әкім өтірік есеп беруден әрі аса алмайды», - дейді Ақан Жекеев.

Көршілес Чистое және Щучье ауылдары да тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Елді мекен іргесіндегі көлден адам да төрт түлік те су ішеді. Тасуға қауқарсыздар қар ерітуге мәжбүр. 

«Құбырдың құрылысы аяқталды. Тек оны тексере келе, кейбір жерінен су ақты. Сол олқылықтарды жоямыз деп, уақыт оздырып алдық. Қазір құбырдың негізгі бөлігі дайын тұр. Тек аяқталмаған жұмыстар бар. Қаражаттың 80 пайызы ғана игерілді. Мердігер бәрін құжат жүзінде тапсырады. Ішін жуып, хлормен тазалау керек, сосын су әр үйге жетеді. Тұрғындар сабырмен күтсе деген өтінішім бар. Белое ауылында 222 үй бар. Бәрі сапалы тіршілік нәрімен қамтылады», - дейді Белое ауылдық округінің әкімі Әділхан Разиев.

Өңірде 226 елді мекенде сапалы ауыз су мүлде жоқ. Олардың біріне су тасымалы ұйымдастырылса, біріне ұйымдастырылмаған. Аталған ауылдарда халықтың 26 пайызы тұрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.