«Сайлаудың беделін түсіру»: Алматы әкімдігі дауыс санау бойынша тараған дауға қатысты жауап берді
Қоғамға тарап кеткен құжат хаттаманың түпнұсқасы емес
Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы NAQ қоғамдық қайырымдылық қоры таратқан ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Қоғамдық қор дауыс беру нәтижелерінің бұрмаланғаны туралы ақпарат таратқан еді. Онда №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша №99 сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы жарияланған. Алайда әкімдік фотодағы құжаттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жарияланған фотолардағы хаттаманың ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 20 қаңтардағы №18/672 қаулысының (Алматы қаласы мәслихатының депутаттарын партиялық тізімдер бойынша сайлау бойынша дауыс беру нәтижелері туралы) №32 қосымшасы бойынша толтырылған, құжатта саяси партиялардың атауының орнына №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың аты-жөні көрсетілген.
Екіншіден, түпнұсқа хаттама ҚР Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 20 қаңтардағы №18/672 қаулысының 20-қосымшасының нысаны бойынша ресімделген. Таратылған фотоларда тіркелген 28 үміткердің орнына тек 6 үміткердің аты-жөні ғана көрсетілгеніне назарларыңызды аударамыз», - делінген Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының жауабында.
Туындаған дауға қатысты түсініктеме берген жауапты мекеме хаттаманың фотосуреттері делінген құжат №99 учаскелік сайлау комиссиясының ресми құжатының көшірмесі емес екенін айтты. Осы фотосуреттерді дайындау және оларды одан ары тарату әрекеттерін заңнамаға сәйкес «заңды түрде өткізілген сайлау нәтижелерін бұрмалау және беделін түсіру» әрекеті деп санайды. Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы халықты алдауға жол бермеу үшін тек қана шынайы ақпараттарға сенуге шақырды.
«№99 сайлау учаскесінің учаскелік сайлау комиссиясының сенім білдірілген адамдарды, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушыларын, ҚР БАҚ өкілдерін, шет мемлекеттердің, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын, шетелдік БАҚ өкілдерін есепке алу және тіркеу журналының деректеріне сәйкес, сайлау учаскесінде дауыс беру күні іште және дауыстарды санау кезінде тіркеуден өткен 5 байқаушы ғана болған. «ҚР сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының 43-бабының 8-тармағына сәйкес, аталған Конституциялық заң талаптарына сәйкес, қатысушы адамның қалауы бойынша дауыстарды санау кезінде оған комиссия төрағасы және хатшының қолдары қойылған, сонымен қатар, сайлау комиссиясының мөрімен куәландырылған хаттаманың көшірмесі беріледі. Осы белгіленген тәртіппен куәландырылған хаттамалардың көшірмелерін сенім білдірілген адамдар мен байқаушылардың ешқайсысы алмаған, есепке алу және тіркеу журналында көшірмелерді алу фактісін растайтын байқаушылар мен сенім білдірілген адамдардың қолдары да жоқ», - деді Аумақтық сайлау комиссиясы.
Қоғамға тарап кеткен құжат хаттаманың түпнұсқасы емес. Түпнұсқа хаттама көшірмесінің өз мөрі, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының қолымен расталған «тірі» деп аталатын мөр басылады. Сайлау комиссиясы фотосуреттегі комиссия мүшелерінің қолдары жалған деп отыр. Құжаттағы мөрдің өзі оқылмайды, оны № 99 сайлау учаскесінің таңбасы ретінде анықтау мүмкін емес.