Шымкентте 13 жастағы қызды қағып кеткен банк қызметкері түрмеге емес, үйқамаққа түскен (ВИДЕО)
Айару Әбдуәлі соққыны көтере алмай көз жұмды
Шымкентте жол апатынан ауыр жарақат алған 13 жасар Айару Әбдуәлі екі апта бұрын ауруханада қайтыс болды. Марқұмның анасы Бақытгүл Оразбаева тергеу барысында іске қажетті материалдарды өздері жинауға мәжбүр болып, жүргізушінің кінәлі екенін дәлелдеуден шаршағанын айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Информбюро 31 арнасына сілтеме жасап.
Ол аздай, үйқамақта отырған күдікті кешірім сұраудың орнына қоқан-лоқы көрсетіп жатыр деп шағымданады.
Айару Әбдуәлі жолдан өтіп бара жатқан кезінде Тойота маркалы автокөліктің соққысынан ауыр жарақат алған. Сегізінші сынып оқушысы 14 күн комада жатқан соң өмірден озған. Жантүршігерлік оқиға Шымкентте бір ай бұрын болды. Бейнебақылау камерасына қарағанда, қыз жаяу жүргіншілер жолымен өтіп келе жатқан. Көшенің екінші бетіне жетпей тұрып, оны көлік қағып кеткен. Соққыдан кейін қыз алысқа ұшып кеткен.
«Видеода бәрі анық көрініп тұр. Жүргізуші қатты жылдамдықпен келіп, қызымды 60 метрге ұшырды. Оған қатты ми жарақаты деген диагноз қойылған, барлық дене мүшелері, иықтары, аяқтары, жақ сүйегі, бас сүйегі сынған. Денесінде еш сау мүшесі қалмаған. Қызым есін жимей-ақ ауруханада көз жұмды»,- марқұмның анасы Бақытгүл Оразбаева.
Анасы марқұмның қаза тапқанына қарамастан, іс бір жақты қаралып жатыр деп есептейді.
«Қайтыс болғаннан кейін бір күннен соң сот шешімімен күдікті үйқамаққа жіберілді. Адам өлтірген адам неге үйқамақта деген сұраққа жауап жоқ. Қазанның 12-сінен бері үйіме тыныштық жоқ, маған қысым көрсетіп, қорқытып жатыр»,- дейді Бақытгүл Оразбаева.
Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу жүріп жатыр деп сендірді полиция. Күдіктінің үстінен сотпен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған.
Айару Әбдуәлі биыл 8-сыныпқа өткен, төрт баланың кенжесі. Жақындарының айтуынша, оқушы белсенді әрі үздік оқушы болған. Көлік жүргізушісі – 40 жастағы банк қызметкері екен.