СІМ Америкада ұсталған екі жігіттің біреуі Қазақстан азаматы екенін растады
Екінші күдікті Нұрсұлтан Мұқтарәли қай елдің азаматы екені белгісіз
Биыл 27 қыркүйек күні АҚШ-тағы Техас штатының Чемберс округінде есірткі тасымалдады деген күдікпен қолға түскен екі жігіттің біреуі Қазақстан азаматы екені расталды. Бұл ақпарат тарала сала Azattyq Rýhy Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдаған болатын. Біздің ресми орган қолға түскен екі жігіттің біреуі, яғни, Мұхит Дәнібеков Қазақстан азаматы екенін растап берді.
«АҚШ құқық қорғау органдарының ақпаратына сәйкес ҚР азаматы М.Дәнібековке қатысты тиісті тергеу амалдары жалғасып жатыр. Еліміздің АҚШ-тағы Елшілігі аталған азаматпен, оның қорғаушысы мен туыстарымен тұрақты байланыста және барлық қажетті консулдық-құқықтық шараларды қабылдауда», - деп жауап берген Сыртқы істер министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-тағы Техас штатының Чемберс округінде екі ер адам есірткі тасымалдады деген күдікпен қолға түскен: Чемберс округі шерифінің кеңсесі таратқан алдын ала мәлімет бойынша олар Қазақстаннан АҚШ-қа барған екі жігіт. 2025 жылы 27 қыркүйек күні арнайы тергеу бөлімшесі Есірткімен күрес басқармасымен бірлесіп, I-10 автомагистралінде көліктерді тоқтатып, тексерген. Сондай көліктердің біріне келгенде ит үріген. Полиция тексере келе, 35 келі кокаин тапқан.

Күдіктілердің аты-жөні – Нұрсұлтан Мұқтарәли (Нью-Йорк) және Мұхит Дәнібеков (Пенсильвания). Екеуіне де есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау айыбы тағылып отыр. Бұл – бірінші дәрежелі ауыр қылмыс саналады. Ер адамдар Чемберс округінің түрмесіне қамалған.
Мұхит Дәнібековтің ағасы Жомарт Дәнібеков болса інісінің Америкаға нәпақа табуға барғанын және олар тек алыс сапарларға жүк таситынын ғана айтқан. Яғни, күдіктілер жүк көлігінің ішінде есірткі барын білмеген, дейді туыстары. Жомарттың айтуынша, інісі Мұхиттің үш баласы бар, әйелі науқас.