Қостанай облысында құны 219 млн теңге болатын жер мемлекетке қайтарылды
Прокуратура мыңдаған гектар жерді заңсыз пайдаланғандарды анықтады

Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында 13,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, 2023–2024 жылдары аудан прокуратурасы жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтарды тексеру барысында бірқатар заңсыздықты әшкерелеген. Тексеру нәтижесінде аудан әкімдігіне 7 акт жолданып, соның негізінде кадастрлық құны 219,2 миллион теңгеден асатын жер телімдері мемлекетке қайтарылған.
Қазіргі таңда прокуратураның бастамасымен жергілікті уәкілетті орган көлемі 5 600 гектардықұрайтын тағы 56 жер теліміне қатысты тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Прокуратура не дейді?
«Жер – халық игілігі. Оны заңсыз пайдалану – ұлттық ресурсқа зиян келтірумен тең. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталады»,– делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ұлытау облысында құны 147 млн теңгеден асатын 90 мың гектар жер, БҚО-ның Сырым ауданында заңбұзушылықтарға байланысты 3200 гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан жерлер де қазынаны толтырды.