Костенко шахтасында қаза тапқан 46-шы кеншінің денесі жер бетіне шығарылды
Марқұм кеншінің аты-жөні — Александр Валерьевич Прокудин

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты Костенко атындағы шахтада қаза тапқан 46-шы шахтердің денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қарағанды облысының әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілген.
«6 қарашада сағат 20:00-де Костенко атындағы шахтада қаза тапқан 46-шы шахтердің денесі табылып, жер бетіне шығарылды. Қажетті сараптамалар жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-құтқарушылары жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Марқұм кеншінің аты-жөні — Александр Валерьевич Прокудин.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ТЖМ басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Костенко атындағы шахтада іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 46-шы кеншінің сүйегі табылғанын хабарлаған болатын.
Еске салайық, 28 қазанда Костенко шахтасында жарылыс болды.
Жарылыс кезінде жер астында барлығы 252 адам болған, олардың көпшілігі жер бетіне өз бетімен шыққан. Қарағанды облысының ауруханаларына 24 кенші жатқызылды, олардың екеуі ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Бір науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
Жарылыс салдарынан 46 кенші қаза тапты. Сондай-ақ Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің толық тізімі жарияланды
Бас прокуратура төтенше жағдайдың себептерін анықтап жатыр.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 29 қазан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза болған кеншілердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Президент «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Ал Үкімет кәсіпорынды мемлекет меншігіне тіркеу аяқталып жатқанын хабарлады.