Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды
Бүгін, 29 қазан – Қазақстанда Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада өрт салдарынан қаза тапқандар үшін Жалпыұлттық аза тұту күні, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа 28 қазанда қол қойды.
«Қарағанды облысындағы И.А. Костенко атындағы шахтада болған авария салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2023 жылғы 29 қазанда жалпыұлттық аза тұту жариялансын», - делінген Жарлықта.
Бүгін еліміздің барлық аумағында мемлекеттік тулар төмен түсірілді, теле-және радио компаниялары хабар тарату торын ауыстырып, ойын-сауық бағдарламаларын тоқтатады.
Естеріңізге сала кетейік, кеше «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қазіргі уақытта 35 адамның денесі табылды, 11 кеншіні іздеу жалғасуда.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты. Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртаумен» инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Президент Вадим Басинге АМТ-ны басқару міндетін жүктеді.
Костенко атындағы шахтадағы ТЖ фактісі бойынша Бас прокуратура қылмыстық тергеуді бастады.