Костенко шахтасындағы апат: қаза тапқан кеншілер саны 35-ке жетті
Құтқарушылар шахта астында қалған 11 кеншіні іздестіруде
Қарағанды облысындағы Костенко шахтасындағы жарылыстан қаза тапқан кеншілер саны 35-ке жетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта 35 адамның денесі табылды, олардың 29-ының денесі жер бетіне шығарылды, 11 кеншіні іздеу жалғасуда.
«Авариялық-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушыларының 10 бөлімшесі жұмылдырылды. Газ жағдайын бақылау жалғасуда», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше Костенко шахтасында жарылыс болып, кеншілер қаза тапты. Мемлекет басшысы оқиға орнына арнайы барып, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көңіл айтты.
Сонымен бірге, Президент бүгін, 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.