Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілер отбасына әлеуметтік төлемдер тағайындалды

17 кеншінің  балаларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындады

Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілер отбасына әлеуметтік төлемдер тағайындалды
Фото: gov.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Костенко атындағы шахтада орын алған апат салдарынан қаза тапқан 17 кеншінің  балаларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Министрлік мәліметі бойынша қайтыс болған 46 кеншінің 21-інің қамқорлығындағыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беріледі.

«Осы жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына қарай айқындалады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (1 балаға) 111 560 теңгеге дейін (5 балаға) болады. Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін аналарға да тағайындалды», -делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем төленеді.

«Бұл төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның табысы мен оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде анықталады. Төлемдер мөлшері айына 56 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды», - делінген хабарламада.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленетінін естеріңізге саламыз.

Айта кету керек, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қайтыс болу туралы куәлік негізінде тағайындалады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, МӘСҚ және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бақылауына алынған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.