1 қыркүйекке дейін Қазақстандағы барлық мектеп пен балабақшада бақылау камералары пайда болады
Елімізде бейнебақылау жүйесімен жабдықталмаған 1200-ден аса мектеп пен 1600-ден аса балабақша бар
Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында Қазақстанда неше мектеп пен балабақшада камера жоқ екені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан алқа отырысында Білім министрі Асхат Аймағамбетов «мектептерді бейнебақылау камералары және өзге де тиісті жабдықтармен қамтасыз ету туралы» тапсырма орындалып жатыр деді.
«1220 мектеп пен 1628 балабақша бейнебақылау жүйесімен жабдықталмаған. Сапасына қарасақ, біраз сұрақ бар. Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бекіткен бұйрық бар, сол бұйрықта барлық мәселе, яғни, бейнекамера неше күн жазба жүргізуі керек, оның сапасы қандай болуы керек деген мәселелер қаралған.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы бір мәрте тапсырма берілді. Біздің алдымызда тұрған мақсат - қыркүйек айына дейін осы жұмысты аяқтау керек», - деді Асхат Аймағамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың күзінде Тараз қаласындағы орта мектептердің бірінде педофил 12 жасар оқушы қызды мектеп ауласындағы дәретханада зорлап кеткен. Бірақ, дәл сол мектепте бейнебақылау камерасы бар болды және педофил камераға анық түскен. Өкінішке орай, облыс басшылығы мен мектеп басшылығы мектептегі күзетші жұмыс орнында болмаған соң, педофилді байқамаған деді.
Оқи отырыңыз: Мектеп дәретханасында оқушыны зорлаған педофил 25 жылға сотталды
Асхат Аймағамбетов алқа отырысында сондай-ақ, дәретханалары аулада орналасқан мектептердің санын жария етті. Министрдің мәліметіне сүйенсек, қазір Қазақстанда 2352 мектептің дәретханасы аулада орналасқан. Олардың барлығы дерлік, яғни, 2 205-і ауыл мектептері.
Дәретханасы далада орналасқан мектептер саны бойынша Түркістан облысы (541 мектеп) бірінші орында, Алматы облысы (415 мектеп) екінші, ал Шығыс Қазақстан облысы (276) үшінші орында тұр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан