Бауыржан Исламхан ресми түрде «Әл-Айн» командасының ойыншысы - БАҚ
Қазақстандық футболшы медициналық тексеруден өтті
Vesti.kz сайтының хабарлауынша, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бауыржан Исламхан ресми түрде Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әл-Айн» командасының ойыншысы атанды. Қазақстандық футболшы медициналық тексеруден өтіп, жаңа командамен 5 ай мерзімге келісім шартқа қол қойған.
«Әл-Айн» клубы БАӘ-ның 13 дүркін чемпионы. Бұл команда 2018 жылы клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалында мадридтік «Реал» командасымен ойнап, 1:4 есебімен жеңілген. Бұл команданы Кике Санчес Флорес, Златко Далич сияқты танымал бапкерлер жаттықтырған. Қазір команданың бас бапкері – хорват маманы Иван Леко.
Естерізге сала кетейік, жақында Бауыржан Исламхан ресейлік «Зенит» командасына шақырту алды. Алайда, «Зенит» басшылығы аз ғана уақыт ресейлік клубтың базасында жаттыққан Бауыржан Исламханмен келісім шарт жасаудан бас тартты.
Б. Исламхан «Зенит» сапында бір ғана матчта өнер көрсетіп, 25 қаңтарда аустриялық «Зальцбург» командасына қарсы жолдастық кездесуде негізгі құрамда ойнады. Бұл кездесу 6-3 есебімен «Зальцбургтың» жеңісімен аяқталып, қазақстандық футболшы матчты айтарлықтай жоғары деңгейде өткізе алмады.