Қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге тыйым салынбайды: Көлік министрі ресми түсініктеме берді
Әлеуметтік желілерде қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге қатысты туындаған сұрақтардан кейін Әсел Жанасова мәлімдеме жасады
Әлеуметтік желілерде қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге қатысты туындаған сұрақтар мен ата-аналардың өтініштерінен кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство басшысы қоғамдық көліктерде балалар арбасын алып жүруге ешқандай тыйым салынбағанын және мұндай шектеу енгізілмейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, ата-аналарға мүмкіндік болса, арбаны жинап қоюға болады. Алайда бұл міндетті талап емес. Егер бала арбада ұйықтап жатса немесе отырған болса, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, оны жиналмаған күйінде де алып жүруге рұқсат етіледі.
Министр қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін қолайлы әрі қолжетімді болуын басты басымдықтардың бірі ретінде атады.
«Көлік министрі ретінде қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ешкім ата-ананы кішкентай баласымен бірге жүргені үшін арбасын жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлей алмайды.
«Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сауалдарды ескере отырып, екіұшты түсіндіруге жол бермеу, сондай-ақ жолаушылардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті ережелерді қайта қарауға жіберу туралы шешім қабылдадым», – деп түйіндеді Әсел Жанасова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі балалар арбасын қоғамдық көлікте алып жүруге тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.
