Boeing апаты кезінде Тегеран аспанында тағы бір ұшақ болған
Ирандық әскерилер украиналық ұшақты атқан сәтте әуеде тағы бір ұшақ ұшып бара жатқан
8 қаңтар күні Иран әскері «Украина халықаралық әуежолы» компаниясының Boeing 737-800 ұшағын зымыранмен атып түсірген сәтте Тегеран аспанында катарлық әуежолға тиесілі ұшақ та ұшып бара жатқан екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екінші ұшақтың экипажы сол уақытта диспетчерлермен байланысқа шығып, қай тұста ұшып бара жатқанын хабарлаған. Өз кезегінде, әуежай қызметкері ол ұшақ жайында Иранның Әуе қорғаныс күштеріне ескертіп үлгерген екен. Бұл туралы Иран парламентінің қала құрылысы жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әбу әл-Фадыл Мусави Беюки мәлімдеген.
«Әуежай қызметкерлері ұшақтың ары қарай ұша беруіне рұқсат ала алған», - деп атап өтті ол.
Еске салсақ, украиналық Boeing 737-800 Тегерандағы Имам Хомейни атындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Иран билігі ұшақты ирандық әскерилердің қателесіп атып түсіргенін мойындаған болатын.