Австралиядағы өрт ауқымы адам шошырлық – ХҒС экипажы
Италиялық астронавт Автралиядағы өрт ауқымы туралы Twitter желісінде жазған
Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) бортында болған италиялық астронавт Лука Пармитано экипаждың ғарыштан дәл Австралиядағы сияқты «адам шошырлық ауқымдағы» өртті ешқашан көрмегенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Экипаждағы серіктерімнің бәрі де дәл мұндай адам шошырлық алапат ауқымды өртті ешқашан көрмегенін айтып, бас шайқасты», – деп жазады астронавт Twitter парақшасында.
РИА Новости агенттігінің жазуынша, қазіргі уақытта ХҒС бортында Ресейден Александр Скворцов пен Олег Скрипочка, Амеркидан Кристина Кук, Эндрю Морган және Джессика Меир, сондай-ақ, италиялық Лука Пармитано жұмыс істеп жатыр.
Айта кетсек, Австралиядағы табиғи апат – өрт салдарынан миллиондаған гектар жер өртеніп кеткен. Соңғы айларда тілсіз жау 17 адамның өмірін жалмап, мыңдаған үйді жермен-жексен еткен.
Сидней университетінің бағалауынша, өрттен 1 миллиард жан-жануар қырылып қалған. Кей аймақтарда өрттің қатты болғаны соншалық, қалың түтіннен өртті әуеден сөндіру мүмкін болмаған. Билік зардап шеккен аудандарға әуе-теңіз күштерінің кемелері мен авиациясын жөнелтуде. Өртке байланысты Астралияның оңтүстік-шығыс жағалауында жаппай эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр.