Иран украиналық ұшақты қателесіп атып түсіргенін мойындады
Иран жолаушылар ұшағын абайсызда атып түсіргенін мәлімдеді
Иран «Халықаралық Украина әуе жолдары» әуекомпаниясының ұшағын әскери күштері абайсызда атып түсіргенін мәлімдеді. Бұл туралы Associated Press басылымы ирандық биліктің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлаған.
«Ұшақ Ревлюциялық гвардияның «аса маңызды әскери орталығына» қарай бұрылған сәтте, оны «жау нысаны» деп қабылдап қалдық», – делінген Иран әскерилерінің мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде сондай-ақ, дәл сол сәтте АҚШ-пен қарым-қатынастың шиеленісе түсуі салдарынан әскерилер айрықша жоғары дайындықта отырғандығы айтылады.
Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Зариф ұшақ апатынан қаза тапқандардың туған-туыстарынан кешірім сұраған.
«Ол бәріміз үшін аса қайғылы күн болды. Әскери күштердің ішкі тергеу істерінің алдын ала қортындысына сәйкес, АҚШ-тың арандатуынан пайда болған дағдарыс кезіндегі адам қателігі осындай апатқа ұшыратты», – деп мәлімдеді министр.
Иран әуе апаты үшін кешірім сұрап, алдағы уақытта «мұндай қателіктерді» болдырмау үшін өз жүйесін жаңартуға уәде берді.
Еске салсақ, «Украина халықаралық әуежолы» компаниясының Boeing 737-800 ұшағы 8 қаңтар күні таңғы уақытта Тегераннан Киевке ұшып шыққан сәтте апатқа ұшыраған еді. Әуе кемесінің бортында болған 180 адам түгелдей қаза тапқан.