Президент субұрқақтағы балалар мен әйелді құтқарған студентті марапаттады
Абылай Балапанов Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курсында оқиды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда субұрқақта тоққа түсіп қалған балаларды құтқарған студентті марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында жариялады.
«Мемлекет басшысы адамдардың өміріне қатер төнгенде көрсеткен асқан ержүректігі мен батылдығы үшін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті Абылай Балапановты Құрмет грамотасымен марапаттады», - деп жазды Берік Уәли.
Абылай Балапанов өткен демалыс күндері Алматы қаласындағы субұрқақтардың бірінде тоқ соғып, зардап шеккен әйел мен екі баланы құтқарып қалған болатын.
Кейінірек қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Сондай-ақ қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали зардап шеккен үш адамның екеуі әлі жансақтау бөлімінде жатқанын, әсіресе әйел адамның әлі есін жинамағанын мәлімдеді.
Кейінірек оқиғаға қатысты қызмет көрсетуші компания пікір білдірді.