ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Жаңа құрылған мамандандырылған әкімшілік соттарға судьялар іріктеліп алынды

Жоғары Сот Кеңесі жаңа соттарды кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған конкурсты аяқтады

 

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Жоғары Сот Кеңесі жаңа Мамандырылған әкімшілік соттарға судьяларды конкурстық іріктеуді қорытындылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әкімшілік процедуралық-процессуалдық Кодекс күшіне енетіні белгілі.

Осыған орай, облыстық соттарда әкімшілік істер жөніндегі Мамандандырылған сот алқалары қалыптастырылды. Ал облыс орталықтары мен Қаскелен, Семей, Жезқазған және Екібастұз қалаларында 21 мамандандырылған әкімшілік сот жаңадан құрылды.

«Қазіргі әкімшілік соттар әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соттар болып өзгертіледі. Ал жаңадан құрылған әкімшілік соттарда мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы даулар қарастырылатын болады», - делінген Жоғары Сот Кеңесі аппаратының баспасөз хабарламасында.

Жоғары Сот Кеңесі жаңа соттарды кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған конкурсты аяқтап үлгерді. Атап айтқанда, келесі лауазымдарға кандидаттар іріктелді:

Облыстық соттағы алқалардың 17 төрағасы;

аудандық соттардың 21 төрағасы;

аудандық соттардың 78 судьясы.

Аталған лауазымдарға деген қызығушылық өте жоғары болған. Мысалы, облыстық соттағы алқа төрағасының 17 бос лауазымына барлығы 91 адам құжат тапсырған.

«Аудандық сот төрағасының 21 бос лауазымына жарияланған конкурсқа 89 үміткер қатысты. Аудандық сот судьясының 78 бос лауазымына – 279 адам. Соның ішінде, 129 адам Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында құрылған жаңа Мамандандырылған әкімшілік соттарға орналасуға ниет білдірген. Ал Қызылорда облысындағы жаңа мамандандырылған ауданаралық сотқа бар жоғы 16 адам құжат тапсырды», - делінген хабарламада.

Кейбір лауазымдарға жарияланған конкурс, үміткерлер бола тұра, жүзеге асқан жоқ деп танылған. Себебі, лайықты талапкер анықталған жоқ.

Конкурстық іріктеу нәтижесінде Кеңеспен келесі лауазымдарға үміткерлер іріктелді:

Облыстық соттағы алқа төрағасы лауазымына - 16 үміткер;

Аудандық сот төрағасы лауазымына - 18 үміткер;

Аудандық сот судьясы лауазымына - 60 үміткер.

Облыстық соттағы алқа төрағасы лауазымына іріктелген тұлғалар тәжірибелі судьялар, өз ісінің мамандары, олардың орташа жасы – 48 жас. Заңгер мамандығы бойынша еңбек өтілі – орташа есеппен 23 жыл. Сот жүйесіндегі тәжірибесі – 16 жыл.

«Аудандық сот төрағасы лауазымына ұсынылған судьялардың орташа жасы – 43.  Заңгер мамандығы бойынша еңбек өтілі – 19 жыл. Сот жүйесіндегі тәжірибесі – 10 жыл. Аудандық сот судьясы лауазымдарына ұсынылған судьялардың орташа жасы - 43. Заңгер мамандығы бойынша еңбек өтілі – 17 жыл», - делінген Жоғары Сот Кеңесі аппаратының хабарламасында.

Іріктелген үміткерлердің 22-сі (немесе 23 %) ведомстволық наградалармен марапатталған.

Бұдан бөлек, 29 үміткер (іріктелгендердің 30%) құқық магистрі немесе ғылым кандидаты дәрежесіне ие, соның ішінде 23-ші мамандандырылған магистратураны тәмәмдаған.

9 адам шетелдерде, соның ішінде Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Нидерланд, Израиль елдерінде тағылымдамадан өткен.

Іріктеліп алынған 94 тұлғаның 48-зі ер адамдар, 46-сы әйелдер. Талапкерлердің 11-і тұңғыш рет судья лауазымына ұсынылып отыр.

Аталған конкурс шеңберінде 27 адам жоғары тұрған лауазымдарға ұсынылды.

Бос судья лауазымдарына ұсынылған тұлғалардың толық тізімі, және конкурсқа қатысты басқа да ақпарат Жоғары Сот Кеңесінің ресми сайтында жарияланатын болады.