Сайлау:Ақмола облысында сайлаушылардың 59% дауыс берді

Алматыда субұрқақта ойнап жүрген балалар тоққа түсіп қалды

19 жастағы азамат су ішінде тоққа жабысып қалған балалар мен олардың анасын құтқарып қалды

Алматыдағы орталық цирк алдындағы субұрқақта ойнап жүрген екі бала тоққа түсіп қалды. Сондай-ақ оларды құтқармақ болған әйел де зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жазатайым оқиға 19 маусым күні кешкі уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, фонтан ішіне кірген балалар металл конструкцияны ұстаған сәтте оларды тоқ соққан. Балаларға көмекке ұмтылған әйелді де тоқ соғып, су ішінде құлап түскен.

«Кішкентай екі қыз аяқ киімін шешіп, аяғын суға салмақшы болып отырғанын көрдім. Әп-сәтте екі қыз ортадағы темірге қадалып қалды. Оларды шығармақ болған анасы да сол темірге жабысып жатты. Дыбысы да шықпай, серейіп қалғанынан тоқ ұрғанын ұқтым да, дереу көмек шақыра бастадым», - деп жазады Үкілай Бестай есімді тұрғын Facebook-тегі парақшасында. 

Алайда су маңындағылар жүрексініп, жақындай алмаған. Сол кезде Абылай есімді жас жігіт көмекке келіп, өзін де тоқ соғып жатқанына қарамай, еш қорықпастан судағыларды құтқарып қалған.

«Абылай деген жігіт өзін тоқ соғып жатса да, оларды кезек-кезек судан шығарды. Үшінші қызды басқа бір ересек азамат шығарып алды. Себебі тоқ ұра бергеннен кейін Абылай да әлсіреп қалды. Бірінші қыз тез есін жиды. Екінші қызды бірден шөптің үстіне жатқызып, кеудесінен басып-басып есін жиғыздық. Олардың анасын асфальттің үстінде кеудесінен басып, суын шығарып есін жиғызған еді, кейін қайтадан көгеріп кетті. Сонда да осы Абылай мен тағы бір азамат соңына дейін анасы мен қызының өмірі үшін күресін тоқтатпады», - деп жазды Үкілай Бестай.

Белгілі болғандай, бірінші аман қалған қыз Талдықорғаннан келіпті.

Аdyrna басылымының жазуынша, балаларды құтқарып қалған 19 жастағы Абылай Балапанов есімді азамат екен.  Ол өзін қаһарман санамайтынын, тек азаматтық парызын орындағанын айтады.

Айта кетерлігі, мамандар аталмыш субұрқақты тексеріп шыққан. Қала әкімдігі тексеріс қорытындысы туралы толық ақпарат берілетінін мәлімдеді.