Ақтөбе облысында жол апатынан екі мектеп директоры көз жұмды
Тағы екі директор ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр
Ақтөбе облысында салонында төрт бірдей мектеп директоры отырған көлік жол апатына ұшырап, екеуі оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 19 маусым күні кешкі сағат 20:20 шамасында Ойыл – Қобда автожолының 156 шақырымында болған.
Ойыл ауданының 102 телефонына көліктің аударылғаны туралы түскен хабарламада салонда жүргізушіні қоса алғанда 4 әйелдің болғаны айтылған.
Полиция дерегінше, Ойыл ауылынан Қобда ауылына жылжып келе жатқан Тoyota Land Cruiser Prado көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзып, көлікті басқара алмай қалған.
«Қатты жылдамдықпен келе жатқан автокөлік сол жаққа қарай аударылып кеткен. Жол апаты салдарынан жүргізуші мен бір жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі жолаушы түрлі жарақатпен Ойыл аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді», - делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Мой ГОРОД» басылымының мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі Ақтөбе қаласындағы №20 және №33 мектептердің директорлары болған. Басылым төрт әріптестің Ойыл ауданындағы қасиетті орындарға тәу еткен соң, үйлеріне қайтып бара жатқан кезде апатқа ұшырағанын жазады.