ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Субұрқақта тоқ соққан алматылық әйел ауруханада ес-түссіз жатыр

Жазатайым оқиға 19 маусым күні кешкі уақытта болған

скриншот: видео

Алматыда Қазақ мемлекеттік цирк ғимаратының жанындағы субұрқақтан зардап шеккен үш адамның жағдайы туралы дәрігерлер мәлімет берді. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали зардап шеккен үш адамның екеуі әлі жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Лаура Мырзағалидің айтуынша, зардап шеккен ересек адам Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Ол кешелі бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Ал, оның қасында болған 8 жастағы қыз бала есін жиған, бірақ ол да жансақтау бөлімінде. Ал зардап шеккен тағы бір 10 жастағы қыздың жағдайы қалыпты. Ол палатада ем алып жатыр.

Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Эко Алматы» ЖШС мамандары субұрқақтардың адам өміріне қауіпті болмағанын мәлімдеген болатын. Алматыдағы 40-тан астам субұрқақты бақылап, өз балансында ұстап отырған компания өкілдері 19 маусымда аталған субұрқақ қалыпты режимде жұмыс істеген айтты. Күннің бірінші жартысында кезекші техникалық маман бірнеше рет субұрқақ тостағын тазалап, жұмыс істеп тұрған субұрқақтың ішіндегі қондырмасын (ағындарды) реттеу бойынша жұмыс жасағанын мәлімдеді.

«Бұл аталған оқиға болғанға дейін субұрқақ жабдығының тұтастығы мен қауіпсіздігін растайды. Бүгін Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы, ШЖҚ «Алматықалажарық» МКК және «Эко Алматы» ЖШС өкілдерінің қатысуымен субұрқаққа барып, тексеру жүргізілді. Бірлескен тексеру және зерттеу негізінде субұрқақ жабдығының жұмысындағы ақауды растайтын техникалық бұзушылықтар анықталмады. Мамандар болған оқиғаның себептерін анықтауда», - делінген «Эко Алматы» ЖШС таратқан хабарламада.

Қазақ мемлекеттік циркінің алдындағы субұрқақ 1972 жылы салынған. Аумағы 956 шаршы метрден тұратын фонтан екі алаңға бөлінген. Ол жұмыс істегенде 480 текше метр су айналымға түседі. Субұрқақ қондырғыларының саны - 26 дана. Олардың әрқайсысына 3 сусорғыш қондырғы орнатылған. Құрылғылар 220 вольттық электр қуатымен жұмыс істейді. Одан тыс әр бұрқақ ағынының тұсына 3 данадан түрлі-түсті жарық беретін шамдар қойылған.

«Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін суға түсірмеуге тырысамыз. Бірақ адамдардың бәрін бақылау мүмкін емес. Біз - төрт адам күні бойы осындағы онға жуық фонтанды бақылауымыз керек. Мұнда «суға түсуге болмайды» деген тақтайшалар ілінген. Соған қармастан, ата-аналар балаларын суға түсіріп, тіпті қондырғылар орналасқан жерді барып ұстайды. Одан қалса, шомылады. Мұнда насостардың тоқпен істеп тұрғанын ескертеміз. Бірақ тыңдай бермейді. Кейбірі түсінеді, қарсы шығатындары да болады», - дейді «Эко Алматы» ЖШС қарасты Бостандық ауданындағы фонтандарды бақылайтын бригада жетекшісі Әркенжан Махметов.

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев субұрқақта адамдарды тоқ соғу оқиғасына қатысты пікір білдіріп, қайғылы жағдай полицияның тергеуінде екенін жеткізді.

Алматы қаласының тұрғыны Асылзат Тойкенова субұрқақ маңына қызын ертіп келетінін, бірақ үнемі бақылауында ұстайтынын айтты.

«Қоршаусыз болады, сондықтан жиі тексеріп, бақылауда ұстау керек. Егер оның ішінде жарық беретін шамдар болса, тоқ бары белгілі ғой. Өзім қызымды ертіп келемін, бірақ бақылауда ұстаймын. Сымдардың тұйықталуы болса, өмірге қауіпті екенін түсінемін. Кешегі жағдай мұнда бақылаудың әлсіз екенін көрсетіп тұр.

Қаланың ішін аралаймыз, қыдырамыз, Біз қала сыртында тұрамыз. Алатау ауданынан осы жаққа фонтан көруге келсек, тоқататып тастапты. Баланың тағдыры - ата-ананың қолында. Сақ болуы керек еді», - дейді тұрғын.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы