Қарағандыда 5 жасар қызға көршісімен бірге зорлық көрсеткен педофилдер сотталды
Бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылған ерлі-зайыптылар жазасын төтенше қауіпсіздіктегі абақтыда өтейді
Қарағандыда 5 жасар қызға зорлық көрсеткен педофилдер отбасы сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Алқабилер соты 56 жастағы Сергей Протопоповты өмір бойына бас бостандығынан айырса, 54 жастағы әйелі Татьяна Протопопованы 22 жылға соттады. Әйел күйеуі мен 62 жастағы көршісі зорламақ болған бүлдіршінге психотроптық дәрі беріп ұйықтатқан. Бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылған ерлі-зайыптылар жазасын төтенше қауіпсіздіктегі абақтыда өтейді.
«Сот Протопопов Сергейді ҚК- ТІҢ 120, 121,126-ыншы баптарымен кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Татьяна Протопопова 22 жылға бас бостандығынан айырылды.
Көршісі подьезде кішкентай қыз баланы ұстап алып үйіне әкеліп зорламақ ниетпен Протопопов Сергейді шақырған. Ал Сергей баланы ұйықтату үшін әйелін шақырған. Татьяна олардың арам ниеттерін біле тұра балаға психотроптық дәрі беріп, зорлауға жағдай жасаған», - деді облыстық Қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов.
Еске салайық, өткен жылы шілденің 23- інен 24-іне қараған түні 5 жастағы қыз бала жоғалып кетіп, 62 жастағы ер адамның пәтерінен табылған болатын. Артынша қала тұрғындары баланың жағдайына жаппай наразылық білдіріп көшеге шықты. Халық күдіктіні өз бетімен жазаламақ болып, жергілікті полиция бөлімшесінің астаң-кестеңін шығарған еді. Ал үш айдан соң педофил тергеу изоляторында асылып қалды.