«Маған әлі айып тағылған жоқ»: Елжан Біртанов сотта мәлімдеме жасады
Экс-министр сотта сөз алды
Бұрын Денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртанов бүгін сотта сөз сөйлеп, тергеу органдары оған әлі айып тақпағанын мәлімдеді. Сондай-ақ БАҚ-та жарияланған «Прокурор Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзартуды сұрады» деген ақпаратқа қатысты пікірін айтты.
«Кеше бірқатар БАҚ прокурордың маған айып таққаны туралы қате немесе әдейі жазылған ақпарат таратты. БАҚ өкілдеріне маған әлі айып тағылмағанын, тергеу әлі жүріп жатқанын хабарлағым келеді. Қазір күдіктің негізділігі мен күдікті ретінде менің құқығымды шектеу туралы мәселе ғана қаралып жатыр.
Еске сала кетейік, 5 мамырда сот Елжан Біртановтың үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту мәселесін тағы қарап, прокурор Төлеген Жарасбаев экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімін 1 айға – 14 маусымға дейін ұзарту туралы өтінішін құптауды сұрағаны жайлы ақпарат тарады.
«Ұрлық пен жымқыру күдіктерінің заңдылығы мен негізділігін растайтын сенімді деректер жоқ екенін айтқым келеді. Мен денсаулық сақтау министрінің міндеттерін атқарғанда осы істе де, басқаларында да қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа қатысым жоқ екенін тағы да жария түрде мәлімдеймін», - деді Біртанов.
21 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен экс-министр Елжан Біртановқа қатысты үйқамаққа алу мерзімі ұзартылды. Алайда белгілі бір уақытқа (тағы сағат 8-ден кешкі сағат 19-ға дейін) үйінен шығуына рұқсат берілді.
Сот оның 5 баласы барын (үшеуі әлі кішкентай), жасы келген анасы барын, сондай-ақ үйқамақта отырған кезеңде ереже бұзбағанын ескерді.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 3 қарашасында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынды.
22 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық тергеу соты экс-министр Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 2021 жылдың наурыз айының соңына дейін ұзартты. Сосын экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімі 30 сәуірге дейін ұзартылды.
Ал, наурыз айының соңында бұрынғы бас дәрігердің қорғаушысы Дмитрий Куряченко БАҚ-қа сұхбат беріп, экс-министр Елжан Біртановтың денсаулығы сыр бергенін айтты. Сондай-ақ адвокат оны үйқамақта негізсіз ұстап отырғанына наразы.
2020 жылдың 25 маусымында Мемлекет басшысының жарлығымен Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды.
Елжан Амантайұлы Біртанов 1971 жылғы 18 қазанда Жамбыл қаласында дүниеге келді. Алматы мемлекеттік медицина университетін, Аризона штатының университетін, Ресейде дипломнан кейінгі медициналық білім академиясын, Шарите Университеттік клиникасын (Германия), Тұран университетін, Duke University, Fugua School of Business (АҚШ), Global Executive МВА магистратурасын бітірді.
Алматы қаласында жедел медициналық көмек ауруханасының реаниматолог-дәрігері, Республикалық токсикология орталығының басшысы, Денсаулық сақтау министрлігінің бас токсикологы, Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту институты» РМК директоры, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Денсаулық сақтау вице-министрі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.
2014 жылғы мамырдан бастап - Мемлекеттік-жекеменші әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы басқармасының төрағасы болды. 2015 жылғы 12 қарашадан бастап – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болды. 2017 жылғы 25 қаңтардан бастап Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды.