ШұғылБір аптада коронавирустан 73 қазақстандық қайтыс болды

Соңғы екі айда БАӘ-ге 42 мыңнан астам қазақстандық барған – ҰҚК шекара қызметі

Қазақстан 17 тамыздан бастап бірқатар елмен арадағы әуе рейстеріне рұқсат етті

Фото: takhochy.com

Қазақстан коронавирус инфекциясына байланысты 19 наурыздан бастап карантин режимін жариялап, Түркия, Украина, Беларусь елдерімен шекарасын жапты. Сәйкесінше, аталған елдердің барлығымен дерлік әуе қатынасы 4 айға жуық тоқтап тұрды.

17 тамыз күні карантин режимі жеңілдетіліп, осыған байланысты аталған мемлекеттермен арадағы әуе қатынасы қайта ашылды. ҰҚК шекара қызметінің Azattyq Rýhy тілшісіне берген мәліметінше, 17 тамыз бен 15 қазан аралығында қазақстандықтар ең көп барған ел – Біріккен Араб Әмірліктері.

«Шекара қызметінің деректер базасына сәйкес, 2020 жылғы 17 тамыз бен 15 қазан аралығында мемлекеттік шекара арқылы – Украина аумағына және кері қарай – 1 926 тұлға (кіргені – 814, шыққаны – 1 112), Беларусь аумағына және кері қарай – 8 477 тұлға (кіргені – 2 548, шыққаны – 5 929), Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағына және кері қарай – 42 591 тұлға (кіргені – 19 252, шыққаны – 23 339) тұлға өткен», – деп мәлім етті шекара қызметінің ресми өкілі.

Сондай-ақ, Туристік «Қамқор жүйесі» қорының директоры Асылхан Есіловтің Azattyq Rýhy тілшісіне берген мәліметінше, тамыз-қазан айлары аралығында турист ретінде Түркияға барған қазақстандықтардың саны 11 мыңнан асқан.

«27 тамыздан бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы тұрақты жолаушылар рейсіне рұқсат ашылған күннен 30 қыркүйекке дейін Түркия еліне демалу мақсатымен Қазақстанның 11 149 азаматы барған», - деді Асылхан Есілов.

Пандемия басталғанша, яғни 27 ақпан мен 16 наурыз аралығында 435 мың қазақстандық шет елдерге шыққан.

Еске сала кетейік, 26 қазаннан бастап БАӘ, Украина, Беларусь, Германия елдеріне қатынайтын халықаралық рейстердің жиілігі азаяды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан