Шымкентте «ВИЧ» жұқтырған 482 жүкті әйел некеде тұрады: 221 келіншектің күйеуі «таза» болып шыққан
Жалпы 2001 жылдан 2026 жыл аралағында өңірде АИТВ мәртебесі бар 741 әйел босанған
Осыдан тура 20 жыл бұрын Шымкентте Қазақстан тарихындағы ең ірі медициналық қасіреттердің бірі тіркелген еді. 2006 жылы баласын емдетуге әкелген ата-ана баласының жазылмас дертке шалдыққанын естіп, есеңгіреп қалған еді. Есеңгіреу былай тұрсын, бұл тағдырлардың күл талқаны шыққан болатын. Ресми мәлімет бойынша, 149 бала дәрігерлердің қателігінен ВИЧ жұқтырған еді. Кейін бұл оқиғаға байланысты 21 медицина қызметкері сот алдында жауап берді. 2007 жылғы сот үкімімен олардың төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Осы ауыр толқында инфекция жұқтырған сегіз бала қайтыс болды.
Жуырда Шымкенттің жергілікті ақпарат құралдарында 741 әйел туралы ақпарат тарады. Дәрігерлер ВИЧ жұқтырған осы келіншектердің балаларын аман-сау дүниеге әкелу үшін жанталасқан. Осы ақпарат шыға сала Azattyq Rýhy редакциясы 741 әйелдің арасында 20 жыл бұрын ауруханада ауру жұқтырған қыз балалар бар ма екенін анықтау үшін Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдаған болатын.
Бір қарағанда, бұл екі деректің арасында тікелей байланыс бар сияқты көрінгенмен, Денсаулық сақтау басқармасының бізге ұсынған ресми статистикасы бұл жүкті әйелдер 2006 жылы инфекция жұқтырып алған балалар емес екенін көрсетті.
Екі кезеңнің айырмашылығы – инфекцияның таралу жолында ғана емес, медицинадағы тәсілде де.
741 әйелдің тарихы
Сонымен, басқарманың мәліметінше, 2001-2026 жылдар аралығында Шымкентте АИТВ-мен өмір сүретін 741 әйел жүкті болған. Олардың 476-сы 2018 жылға дейін, яғни Шымкент бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған кезеңде есепке тұрғандар.
Бұл әйелдердің басым бөлігі 22-39 жаста. Ал олардың АИТВ-ны жұқтыру жолдарына қарасақ, көбі, яғни, 628 әйелге инфекция жыныстық жолмен берілген. 53 әйел есірткіден жұқтырса, тағы 60 әйелге аурудың қалай жұққаны белгісіз күйінде қалған.
Яғни қазіргі статистика 2006 жылғы жағдайдан мүлде басқа көріністі көрсетеді. 20 жыл бұрын балаларға инфекция ауруханада жұқса, жүкті болған 741 әйелдің көбі дертті жыныстық жолмен жұқтырған.
Олардың жұбайларының бәрінен АИТВ анықталған жоқ
Дегенмен 741 әйелдің барлығы инфекцияны отбасы ішінде жұқтырған деп айтуға да негіз жоқ. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осы әйелдердің 482-сінің заңды немесе азаматтық некедегі жұбайлары анықталып, тексерілген.
Олардың 261-інен АИТВ инфекциясы анықталса, 221 адамның тест нәтижесі теріс болған. Қалған 259 әйелдің жыныстық серіктесі белгісіз.
Жасөспірімдер арасында жүктілік тіркелмеген
741 жүктіліктің ішінде жасөспірімдер арасында жағдай тіркелмеген.
Жүктіліктің басым бөлігі 22-39 жас аралығындағы әйелдерге тиесілі. Бұл – АИТВ-мен өмір сүретін әйелдердің арасында ана болу мәселесі көбіне бала туу жасындағы ересек әйелдерге қатысты екенін көрсететін дерек.
АИТВ-мен өмір сүретін әйел ана бола ала ма
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, АИТВ-мен өмір сүретін әйелдерге жүктілікті жоспарлау кезінде ретровирусқа қарсы терапияны күнделікті әрі үздіксіз қабылдау және вирустық жүктемені анықталмайтын деңгейге дейін төмендету ұсынылады.
Жүктілікті жоспарлағанға дейін барьерлік контрацепция әдістерін пайдалану да ұсынылады. Ал әйел жүкті болған жағдайда анадан балаға инфекция берілуінің алдын алу үшін ол медициналық бақылауда болады.
Шымкент қаласының ЖИТС орталығының мәліметінше, осындай алдын алу шараларының нәтижесінде АИТВ-мен өмір сүретін 612 анадан дені сау балалар дүниеге келген. Бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін әйелдің ана болуы медициналық тұрғыдан мүмкін. Негізгі міндет – инфекцияның балаға берілу қаупін азайту.
Балаға инфекция берілмеуі үшін не жасалады?
АИТВ-мен өмір сүретін әйелдерге бала емізуге болмайды. Денсаулық сақтау басқармасы емізу кезінде инфекцияның анадан балаға берілу қаупі бар екенін хабарлады.
Мұндай әйелдерден туған балаларға бір жасқа дейін тегін бейімделген сүт қоспалары беріледі. Сонымен қатар бала туған кезде және 18 айға дейінгі бақылау кезеңінде бірнеше зертханалық тексеруден өтеді.
Басқарманың мәліметінше, осы бақылау нәтижесінде 741 әйелдің балаларынан АИТВ анықталмаған.
Осы жерде 2006 жылғы жағдай мен қазіргі кезеңнің айырмашылығы анық көрінеді.
20 жыл бұрын медициналық көмек алуға келген балалардың арасында АИТВ инфекциясы анықталса, қазір АИТВ-мен өмір сүретін әйелдердің балалары инфекция жұқтырмай дүниеге келуі үшін арнайы медициналық бақылау жүргізіледі.
20 жылда медицина ғана емес, тәсіл де өзгерді
Шымкенттегі 2006 жылғы оқиға денсаулық сақтау жүйесіне үлкен соққы болды. Балалар ауруханада ем алып жүріп инфекция жұқтырды. Оқиғадан кейін медицина қызметкерлері жауапқа тартылды, ал ондаған отбасының өмірі өзгерді.
АИТВ қан құюдан да жұғатынын ескерген жөн. Кейін АИТВ-мен күресте емдеу мен диагностиканың жаңа тәсілдері енгізіле бастады.
Шымкент қаласының ЖИТС орталығына қатысты мәліметтерде 2006 жылдан бастап ретровирусқа қарсы ем, жедел тестілеу, ал 2007 жылдан бастап ПТР арқылы емнің тиімділігін бақылау енгізілгені көрсетілген.
Бүгінде қалада АИТВ-мен өмір сүретін 741 әйелдің жүктілігі тіркелген. Олардың арасынан 612 анадан АИТВ-теріс балалар дүниеге келген.
Бұл сандардың әрқайсысының артында жеке адамның тағдыры тұр. Бір кезде АИТВ диагнозы баланың өмірін күрт өзгерткен болса, бүгінде инфекциямен өмір сүретін әйел үшін ана болу мүмкіндігі медициналық бақылау мен емге байланысты.