Декреттік төлемнің дауы үкіметті отставкаға жіберген: қай елдер аналарға көп көңіл бөледі

Биыл жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 1,16 млн теңге болды

Декреттік төлемнің дауы үкіметті отставкаға жіберген: қай елдер аналарға көп көңіл бөледі
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгермек. 2027 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақының 39 түрінің 14-і отбасының нақты тұрмыс деңгейі мен мұқтаждығына қарай тағайындалады. Өзгеріс әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әсіресе бала тууына және бала күтіміне байланысты төлемдерге қатысты сұрақ көп.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа тәсіл Отбасының цифрлық картасы бойынша әл-ауқаты жоғары және ауқатты деп бағаланған «А» және «В» санатындағы отбасыларға қатысты болады. 14 төлемнің ішінде бала тууына берілетін жәрдемақы, бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы, көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер, кейбір мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар бар. Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем бұл тізімге кірмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанда декреттік төлем қалай есептеледі

Қазір жұмыс істейтін әйелдің жүкті болуы мен босануына байланысты алатын біржолғы әлеуметтік төлемі оның соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына қарай есептеледі. 2026 жылы бұл төлемнің орташа мөлшері шамамен 1,16 млн теңге болды. Ал бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40%-ы көлемінде есептеледі.

Бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік желілерде «декретке миллионмен» тақырыбы кең тараған еді. Кейбір әйелдер жеке кәсіпкерлік ашып не табысын жасанды түрде арттырып, әлеуметтік аударымдарды көбейту арқылы көп ақша алуға тырысқан жағдайлар анықталды. Мұндай істер бойынша мемлекеттік органдар тексеру жүргізіп, біраз әйелді жауапкершілікке тартты.

Қызығы, әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен оларды бақылауға қатысты дау Қазақстанда ғана болған жоқ.

Нидерландтағы жәрдемақы дауынан кейін аналар үкіметті отставкаға жіберген

Бұған ұқсас, бірақ ауқымы әлдеқайда үлкен жағдай Нидерландта болған. Елде балаларды күтуге арналған жәрдемақыға қатысты жанжал бірнеше жылға созылды. Салық және кеден қызметі мыңдаған ата-ананы жәрдемақыны заңсыз алды деген күдікпен тексеріп, кей отбасылардан бұрын төленген қаражатты толық қайтаруды талап еткен. Кейін парламенттік тергеу көптеген отбасыға қатысты қолданылған жүйеде күрделі қателіктер болғанын анықтады. Кей ата-аналар жәрдемақыны алаяқтық жолмен алғаны дәлелденбесе де, құжаттарды рәсімдеу кезінде кеткен ұсақ қателіктер үшін төлемді толығымен қайтаруға мәжбүр болған. Соның салдарынан мыңдаған отбасы қарызға батып, қаржылық қиындыққа тап болды. Парламенттік комиссия бұл жағдайды зерттеп, мемлекеттік органдардың әрекеті салдарынан ата-аналарға зиян келгенін дәлелдеді. Зардап шеккен отбасыларға бастапқы кезеңде 30 мың еуро көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды, бірақ мәселе мұнымен бітпеді. 2021 жылғы 15 қаңтарда Нидерландтың сол кездегі премьер-министрі Марк Рютте бастаған үкімет толық құрамда отставкаға кетті. Үкімет балалар жәрдемақысына қатысты даудан кейін жауапкершілікті мойнына алды. Бұл жағдай әлеуметтік төлемдерді бақылау кезінде заң бұзушылықты анықтаумен қатар, азаматтардың құқықтары мен жағдайын ескеру маңызды екенін көрсетіп берді.

Әлем елдерінде аналарға декрет кезінде қанша төленеді?

Әр елде бала туған әйелдерге берілетін төлем жүйесі әртүрлі. Бір мемлекетте әйелдің бұрынғы жалақысы толық өтелсе, енді бірінде оның белгілі бір бөлігі ғана төленеді. Кей елдерде декреттік демалыс ұзақ болса, кей мемлекеттер ата-аналарға демалысты ана мен әкеге бөліп алуға рұқсат береді.

Салыстыру үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2025 жылғы деректерін қарасақ, бірқатар елде жүктілік пен босану кезеңіндегі төлем өте жоғары деңгейде екенін байқауға болады.

  • Хорватияда декреттік демалыс шамамен 30 аптаға созылады және төлем жалақының 100%-ына дейін жетеді.
  • Германияда декреттік демалыс 14 аптаға дейін беріледі. Осы кезеңде әйелдің табысы іс жүзінде толық өтеледі.
  • Үндістанда жұмыс істейтін әйелдерге 26 аптаға дейін демалыс беріліп, осы кезеңде жалақысының 100%-ы төленеді.
  • Мексикада декреттік демалыс 12 аптаға созылады, төлем мөлшері жалақының 100%-ын құрайды.
  • Норвегияда ата-аналарға екі түрлі нұсқа бар: жалақының 100%-ын сақтай отырып 49 аптаға дейін демалыс алуға немесе демалыс мерзімін 59 аптаға дейін ұзартып, жалақының 80%-ын алуға болады.

Демалыстың ұзақтығы мен төлем көлемін бірге қарастырғанда, Болгария ерекше көзге түседі. Мұнда жүктілік пен босануға байланысты демалыс 58,6 аптаға дейін созылып, төлем мөлшері сақтандырылатын табыстың 90%-ына теңеседі.

  • Италияда декреттік демалыс шамамен 21,7 апта, ал төлем деңгейі орта есеппен жалақының 80%-ына тең.
  • Францияда демалыс мерзімі шамамен 16 апта, төлем деңгейі жоғары болғанымен, оның нақты мөлшері жалақы мен белгіленген шектерге байланысты есептеледі.
  • Канадада федералдық деңгейде 15 аптаға дейінгі жүктілікке байланысты төлем қарастырылған, оның мөлшері сақтандырылған табыстың 55%-ына дейін жетеді.

Қазақстандық аналар енді нені күтеді?

Қазақстанда 2026 жылы жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 1,16 млн теңге болды. Бұл сома әр әйел үшін бірдей емес, оның табысы мен әлеуметтік аударымдарына қарай есептеледі.

14 жәрдемақы бойынша жаңа тәртіптің нақты қалай іске асатыны, қандай жағдайда төлем сақталатыны немесе тоқтатылатыны отбасының цифрлық картадағы санатына байланысты болады. Министрлік өзгерістерді әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау мақсатында енгізіп отырғанын мәлімдеді.