«Қарияларға тек көмекке мұқтаж адам ретінде қарамау керек»: Астанада «Әділет» партиясы фестиваль өткізді

Іс-шараға белсенді өмір салтын ұстанатын зейнеткерлер келді 

«Қарияларға тек көмекке мұқтаж адам ретінде қарамау керек»: Астанада «Әділет» партиясы фестиваль өткізді
Фото: Azattyq Rýhy

Астанада Қарттар күніне орай «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі өтті. Іс-шара аға буын өкілдерін құрметтеуге, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге және белсенділігін арттыруға бағытталған. Фестивальге партия төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев, қариялар мен жастар, сондай-ақ «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблінің мүшелері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ержан Жылқыбаев қазақ қоғамында аға буынға құрмет көрсету ежелден келе жатқан дәстүр екенін атап өтті. Оның айтуынша, үлкендердің батасын алып, ақылдасып, жағдайын сұрап жүру біздің ешқашан ескірмейтін құндылығымыз. Ол Қарттар күніне орай бүкіл республика бойынша «Әділет» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында игі шаралар ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.

«Партия төрағасы Айбек Дәдебай мырзаның тапсырмасына сәйкес, «Әділет» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде игі шаралар ұйымдастырылып, бес мыңға жуық аға буын өкілін қамту жоспарланып отыр. Сіздер ел басынан өткен талай кезеңді, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды көрдіңіздер. Бүгінгі елдің еңсесін тіктеу жолында үлкен еңбек сіңірдіңіздер. Ұрпаққа мұра болған егемендіктің артында сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіз бар. Сондықтан барша аға буын өкілдеріне үлкен алғыс айтамын. Еңбектеріңіз әрдайым бағалана берсін. Осы шуақты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әділдік мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Әділетті мемлекет құру, ең алдымен, өз азаматтарын қадірлеуден басталады. Адам жас кезінде елге еңбек етеді, ал жасы ұлғайған кезде сол еңбегінің зейнетін көруі тиіс. Зейнетке шығу – қоғамнан тыс қалу деген сөз емес. Керісінше, адам өзін елге қажет сезініп, қоғам өміріне араласуға мүмкіндік алуы керек. Бұл – Әділет партиясының да басты назарындағы мәселе. Біз аға буынға тек қамқорлықты қажет ететін жандар ретінде қарамаймыз. Елге сіздердің өмір бойы жинаған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз керек. Сондықтан аға буынға қолайлы жағдай жасау мәселесін партия бағдарламасында басымдықтардың бірі ретінде айқындап отырмыз. Біз зейнетақының нақты құнын сақтаудан бастап, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын дамытуға, ерте диагностика мен ұзақ мерзімді күтім жүйесін жетілдіруге дейінгі нақты шараларды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар белсенді зейнеткерлерді қоғамдық жұмыстарға, тәлімгерлікке және еріктілер қозғалысына тартуға баса мән береміз. Цифрлық сауаттылықты арттыру, интернет алаяқтарынан қорғау, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді пайдалануға көмектесу де назарымызда болады», - деді ол.

Оның сөзінше, аға буынға тек әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар ретінде қарауға болмайды. Олардың өмір бойы жинаған білімі мен тәжірибесін қоғам игілігіне пайдалануға мүмкіндік беру қажет.

«Жасы ұлғайған адамға кейде материалдық көмектен гөрі жылы сөз бен адамдық мейірім маңыздырақ болады. Жылы сөз айтып, жылы қабақ танытып, жағдайын сұрасақ, соның өзі үлкен күш, үлкен демеу береді. «Көңіл - көңілден су ішеді» деген жақсы сөз бар. Адамға жағдай сұрайтын, әңгімелесетін жан керек. Қажет кезде есігін қағып, қолғабыс ететін көршісінің болғаны жақсы. Әсіресе, жалғыз тұратын қарияларымызды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Оларға көңіл бөліп, жағдайын сұрап, қажет кезде қолдау көрсету – баршамыздың азаматтық міндетіміз», - деді партия төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев.

Фестивальге қатысқан «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблінің режиссері Қарлығаш Бәкенқызы өнердің қарт адамдардың белсенді өмір сүруіне әсер ететінін айтты.

«Мен өзім ардагерлерден үш ансамбль құрдым. Қарқаралыда – «Қайран жастық», Қарағандыда – «Көзкөргендер», Астанада – «Есіл толқындары». Барлығының халықтық атағы бар. Өнер деген адамға қартаймауға, ұзақ өмір сүруге және белсенді өмір сүруге тікелей әсер етеді. Өнерді сүйген жүректен жамандық шықпайды. Олар тек қана жақсылықты ойлап отырады. Ертең қандай костюммен шықсақ екен, қандай жақсы әндер айтсақ екен деп, жақсы көңіл күймен жүреді», – деді ол.

Қарлығаш Бәкенқызының айтуынша, ардагерлер ансамблін құруға 1990 жылдардағы қиын кезең себеп болған. Сол уақытта көптеген зейнеткер қиындыққа тап болып, олардың көңілін көтеріп, ортаға тарту қажет болған.

«Олар келіп, ән айтып, жас кезінде істей алмаған, көңілінде қалып кеткен армандарын зейнет жасына келгенде жүзеге асырып жатыр. Өздерінің екінші тынысы ашылып жатыр десем болады», – деді ансамбль режиссері.

80 жастан асқан Қарлығаш Бәкенқызы белсенді өмір салтын ұстанады. Ол қарт адамдардың үйде жалғыз отырмай, араласатын ортасы болғаны дұрыс дейді.

«Есіл толқындары» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фанида Нұрбаева ұжымның құрылғанына биыл сегіз жыл болғанын айтты. Музыка маманының айтуынша, ансамбль мүшелерінің басым бөлігі кәсіби музыкант емес. Олардың арасында заңгер, экономист, бухгалтер, педагог сияқты түрлі салада еңбек еткен адамдар бар. Оларды біріктіретін ортақ нәрсе – әнге және өнерге деген сүйіспеншілік.

«Мен бұрын Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде музыка мамандығында білім алатын студенттерге сабақ бердім. Сол университеттің доценті болдым. Зейнет жасына шығып, Астанаға келгеннен кейін ансамбль құруға кірістік. Алдымен мені танитын Семейдің өнерпаздары болды, кейін басқалар қосылды. Біздің басымызды қосып отырған өнер – музыка өнері. Әртүрлі салада жұмыс істеген, әнді жақсы көретін, жақсы айтатын адамдар жиналып, «Есіл толқындары» ансамблін құрдық», - деді Фанида Нұрбаева.

Қазір ансамбль мүшелерінің жасы 65 пен 82 жас аралығында. Ұжымның репертуарында халық әндерімен қатар классикалық шығармалар, опералардан үзінділер және қазіргі қазақ композиторларының әндері бар. Ансамбль мүшелері аптасына екі рет дайындалады. Үлкен концерттер қарсаңында дайындық жиілей түседі. Ұжым республика көлемінде гастрольдік сапарларға шығып жүр. Фанида Нұрбаева немерелерін тәрбиелеуге де уақыт табатынын айтты.

«Қазақпыз, немереге қараймыз. Адам болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Тойы бар, қонағы бар, бір жерге демалуға, емделуге баратындары бар. Соларға кезек-кезек барып тұрамыз. Немеренің тәрбиесіне де үлгереміз», – деді ол.

Айта кетсек, фестиваль аға буынға құрмет көрсетіп, үш ұрпақтың арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.