Бенуа Пэр, Фернандо Вердаско: Astana Open турниріне тағы қандай атақты теннисшілер келді?
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 275 мың АҚШ доллары
Нұр-Сұлтанда ATP 250 Astana Оpen турнирі басталды. Әлемдік рейтингтің жүздігіне кіретін кәсіби теннисшілер рейтинг ұпайы мен жеңіске таласады.
Жарыс қарсаңында жеребе тарту рәсімі мен іріктеу ойындары өтіп, 32 қатысушыдан құралған жарыс кестесі әзірленді. Турнирдің алғашқы раунды бүгін Ұлттық теннис орталығының корттарында өтеді.
Дүбірлі додаға қазақстандық спортшылар да қатысады: турнир рейтингінде алтыншы сатыда тұрған Александр Бублик, Дэвис кубогындағы Қазақстан құрамасының мүшесі Михаил Кукушкин, сондай-ақ ұйымдастырушылардан уайлд-карт иеленген Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов бар.
Astana Оpen қатысушылары арасында Бенуа Пэр (әлемнің 27-ракеткасы), Миомир Кецманович (39), Адриан Маннарино (41), Джон Миллман (44), Теннис Сандгрен (48), Фернандо Вердаско, Френсис Тиафо және өзге де танымал теннисшілер бар.
«Astana Оpen ресми түрде басталды. Біз ATP турнирінің елімізде өтуіне бірнеше жыл атсалыстық. Жарыс барша жанкүйерге ұмытылмас әсер сыйлап, қатысушылар әлемдік рейтингтегі орнын жақсартып, бұл турнир бұдан кейін де Қазақстан жерінде жиі өтеді дегенге сенгіміз келеді», - деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.
Жарыс 26 қазанда Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен сағат 12:00 басталады. Қазақстандық Дмитрий Попко кортқа шамамен сағат 15:00 шығады, ол турнирдің екінші раундына өту үшін румын теннисшісі Раду Алботпен кездеседі.
Турнирдің финалы Ұлттық теннис орталығында 1 қарашада өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 275 мың доллар.
Матчтарда коронавирустық пандемияға байланысты қатаң қауіпсіздік шаралары сақталған. Барлық ойын көрерменсіз өтеді. Матчтар тікелей эфирде Qazsport, Eurosport арнасында көрсетіледі.
Айта кетейік, ел астанасына әлемдік теннисшілердің келуі алғаш рет емес. Қазақстанда дәстүрлі халықаралық Президент кубогі өтіп келеді. Сонымен қатар, былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен астанаға даңқты теннисшілер Новак Джокович пен Рафаэль Надаль келіп, мастер-класс өткізіп кеткен болатын.
Айта кететін тағы бір жайт, биыл қазақстандық теннисшілер Дэвис кубогі мен Федерация кубогінде өнер көрсетпейді. Өйткені, коронавирустық пандемияға байланысты қос жарыс та 2021 жылға қалдырылды.
Ұлттық құрамалар арасында өтетін Дэвис кубогі Мадридте қарашаның 22-28 аралығына жоспарланған. Оған Қазақстанды қосқанда әлемнің ең үздік 18 командасы қатысады. Біздің құраманың теннисшілері В тобында Швециямен және Канадамен күш сынасады.
Ал, Фелерация кубогі 2021 жылдың 13-18 сәуірінде Будапешт қаласында (Венгрия) өтеді. Қазақстан намысын қорғайтын әйелдер құрамасы плей-офф кезеңінде Аргентинамен кім мықтыны анықтайды.