ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 794 адамнан коронавирус анықталды

Микрокредит беру туралы бірқатар ереже өзгертілді

Бұл өзгерістер әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және проблемалық міндеттемелердің ұлғаю тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік бермек

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан ары – Агенттік) «Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы» ҚРҰБ Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәселен, Агенттік басқармасының 2020 жылғы 19 қазандағы № 102 қаулысына сәйкес, жеке тұлғалардың микрокредиттер бойынша берешегін сотқа дейін реттеу рәсімі белгіленеді. Микроқаржы ұйымы (бұдан ары – МҚҰ) микрокредит бойынша төлеу мерзімінің кешігуі туындаған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей ол туралы қарыз алушыны хабардар етуге міндетті. Қарыз алушы төлеу мерзімінің кешігуі басталған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде берешекті өтеу мәселесін реттеу туралы өтінішпен МҚҰ-ға жүгінуге құқылы. МҚҰ күнтізбелік 15 күн ішінде қарыз алушының өтінішін қарайды және жазбаша нысанда қабылданған шешім туралы хабарлайды. Қарыз алушыдан өтініш болмаған және/немесе қарыз алушымен келісімге қол жеткізбеген жағдайда, МҚҰ нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде берешекті өндіріп алуға құқылы.

«Микрокредиттер бойынша берешекті сотқа дейін реттеудің міндетті рәсімінің болмауы МҚҰ-ның төлеу мерзімін кешіктіру туындағаннан кейін бірден берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша шаралар қабылдайтынына және қарыз алушыларға мәселені реттеудің нұсқаларын ұсыну мүмкіндігін бермейді, бұл өз кезегінде әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеледі. Микрокредиттер бойынша жеке тұлғалардың берешегін сотқа дейін реттеу рәсімін белгілеу әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және проблемалық міндеттемелердің ұлғаю тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді», - деді Агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.

Бұдан басқа,  құжат микрокредит беру туралы шартты ресімдеуді және оның мазмұнын оңтайландыруды көздейді. Атап айтқанда, нарыққа қатысушылар микрокредитті өтеу кестесіне қосымша мәліметтер қосу мүмкіндігі туралы ұсыныстар енгізді. Мысалы, микрокредитті қайта құрылымдау кезінде қарыз алушының міндеттемесі болғандықтан төлеу мерзімі кейінге қалдырылған төлемдер өтеу кестесінде көрсетілуі тиіс.

Жаңа қағидаларға сәйкес, шарттың жасалған күні, микрокредит сомасы, пайыздық мөлшерлеме, шарт талаптарын орындау мерзімдері және басқа да міндетті шарттар туралы ақпаратты шарттың титулдық парағына жазу талап етіледі.

Кредиттік желіні ашу туралы келісім жасалған кезде қайталанған микрокредит шарттарын акцессорлық шартта көрсету талап етілмейді.

Тағы бір толықтыру үлгілік шарттар негізінде микрокредит шартын жасау мүмкіндігін жоққа шығарады. Осылайша, МҚҰ енді қосылу шарты талаптары бойынша қызмет көрсететін болады.

«Түзету микрокредит шарттары талаптарының, клиенттердің қабылдауы үшін олардың шарттарының ашықтығы мен тиімділігіне кепілдік береді, сондай-ақ  микрокредит беру шарты бұзылған және /немесе сотта оны даулаған жағдайда қарыз алушының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, өзгерістер мен толықтырулар микроқаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, микроқаржы ұйымдарының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру, олардың жөнсіз әрекеттер жасауына жол бермеу мақсатында әзірленді», - деп қорытындылады  Терентьев.

Тегтер: